Оралда Конституция күніне орай комьюнити орталығы ашылды
Орталықта жастар интеллектуалды ойындармен айналысады
Орал қаласы Даркөл кентіне қарасты Ынтымақ ауылында Конституция күніне орай «Болашақ» комьюнити орталығы ашылды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, ауыл тұрғындары мен тәрбиеленушілерді Ата Заң мерекесімен құттықтап,жас өрендер мен тұрғындар игілігі үшін жаңартылып, қайта ашылған орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Клуб іші ағымдағы жөндеуден өтіп, сыртқы аулалары да жаңартылған. Сонымен қатар орталық ауласына «Аударыспақ» ұлттық ойыны мен волейбол, стритбол ойындарның алаңдары орнатылған.
Орталықтың салтанатты ашылуына ауыл тұрғындары қатысып, ауылдастар атынан Ихсанбай Сәрсенбаев өз тілегін жеткізді. Зейнеткер болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істің одан әрі жалғасын табуын тіледі.
Айта кетейік, 2005 жылы өз қызметін бастаған «Болашақ» балалар аула клубы балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізумен жұмыстанып келеді. Ағымдағы жөндеуден өткен «Болашақ» комьюнити орталығы алдағы уақытта жеткіншектермен қатар, әртүрлі жастағы ересек адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған үйірмелер жұмысын жасақтайтын болады.
Қазіргі таңда клубта эстетикалық бағытта «Көркем сөз» үйірмесі, спорттық бағытта «Тоғызқұмалақ», «Дойбы», «Үстел теннисі» үйірмелері мен ұлттық құндылылықтарымызды қолдау бағытында «Қамшы өру» мен ұлттық спортты дамыту бағытында «Тұлпар» атбегілік үйірмелері жұмыс істейді.