Бурабайдағы «Ботай» мұражайына келетін шетелдік туристер көбейді
2018 жылдан бері «Ботайды» 50 000-ға жуық адам тамашалады
Бурабайдағы «Ботай» мұражайына келетін шетелдік туристер саны артуда. Ашық аспан астындағы келушілердің арысы – АҚШ, берісі – көрші Ресей мемлекетінен. Музей қызметкерлерінің айтуынша шетелдік меймандар арасында жерасты үйлеріне түнеп, бірнеше күн өмір сүріп көргісі келетіндер де бар екен. Алайда нысанда ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Одан қалды жер үйлерде қыста салқын, тіпті электр жарығы да жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
2018 ЖЫЛДАН БЕРІ «БОТАЙДЫ» 50 000-ҒА ЖУЫҚ АДАМ ТАМАШАЛАДЫ
Бурабайда демалушылар жыл он екі ай бір толастамайтыны мәлім. Туристік бағытқа ашық аспан астындағы мұражай қосылғалы шетелден келушілер тіптен көбейген. «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейінің экскурсия жүргізушісі Юлия Железневаның айтуынша, күніне 150-200 адам келеді. Жазғы уақытта саяхатшылар саны тіптен көбейеді.
«Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы мұражайы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып есептеледі. Ашылғаннан бастап туристер арасында ерекше танымал болып келеді. 2018 жылдан бері бұл мұражайға 50 000-ға жуық адам келіп кетті. Саяхатшылардың арасында шетел азаматтары да көп, мәселен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, АҚШ, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Ямайка және тағы өзге де елден арнайы келген қонақтарды қарсы алдық», – дейді Юлия Железнева.
БОТАЙ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ҚАНДАЙ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ БАР?
Энеолит дәуіріне жататын Ботай қонысы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан. Профессор Федор Зайберт бастаған отандық және шетелдік ғалымдар 1980 жылдардан бастап қазба жұмыстарын жүргізіп, онда табылған құнды жәдігерлер, нақтырақ айтқанда ауыздық және тағы да басқа ат әбзелдері, жылқы сүйектері табылған. Осының негізінде біздің заманымызға дейінгі төртінші ғасырда жабайы жылқы алғаш рет қазақ даласында мінілгенін дәлелдеген. Алғашында ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таңғалдырған. Жалпы саны 133 мыңдай жылқы сүйегі зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрыннан белгілі жылқы түріне жатпайтын болып шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан ол қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Ботай жылқысын зерттеу үшін Ресей, Англия, Германия ғалымдары келді.
Қазба кезінде сол заман адамдарына тиесілі жер үйлердің орны табылған. Бұл жаңалық – тарихи туризмді дамыту үшін таптырмас құрал. Өкінішке қарай, Ботай қонысы күре жолдан шеткері орналасқандықтан және жол инфроқұрылымы дұрыс дамымағандықтан оған саяхатшыларды көптеп тартуда қиындықтар бар. Осы себепті 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Бурабай курортық аймағында «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық музейін ашу ұйғарылған.
КЕШЕННІҢ АУМАҒЫ – 25 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР
Тау баурайында орналасқан музейдің ауданы 600 шаршы метр кеңістікті алып жатыр, ал барлық кешеннің жалпы ауданы – 25 000 шаршы метр. Бұл – жеті үйден тұратын туристік сәулет-мәдени ансамблі десе де болады. Мұнда келген қонақтарға Ботай мәдениетінің бірегейлігі мен маңызы туралы айтылады, нақтырақ әлемде қазақ жерінде алғаш рет жылқы қолға үйретіліп, көшпенділердің алғашқы тұрғын үйлері құрылғаны көрсетілді. Ал ат міну – дала өркениеттерінің ұлы жаңалығы екені аян.
Ботай үйлері – уақыт өте келе қазақтың киіз үйлеріне айналған ерекше сәулет стилі. Ол формасы киіз үйге ұқсайтын, үстіне күмбездер тұрғызылған, тереңдігі бір метр етіп қазылған баспаналар. Семантика туралы айтатын болсақ, Ботай баспаналары әлемнің құрылымын көрсетіп тұрғандай. Дөңгелек формасы – жерді, шар тәріздес жабыны – ғаламды, тұрғын үйдің ортасындағы ошақ пен от күнді бейнелейді. Қазба кезінде анықталғандай, мұндағы барлық тұрғын үйлер өзара жер асты өткелдерімен біріктірілген, олардың әрқайсысы бірегей және белгілі бір қызмет түріне арналған.
Туристерге сол кезеңді нақты көрсету үшін балауыздан энеолит дәуірі адамдарының фигуралары жасалған, мәселен тайпаның көсемінің мүсіні, қолөнершінің бейнесі, қымыз пісіп жатқан әйел және отқа табынушы адамның фигурасы – әрқайсысы жеке-жеке үйлерге қойылған.
«Ашық аспан астындағы музей біздің ата-бабаларымыздың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан тарихи үлесін және Қазақстанның мәдени жетістіктерін белсенді насихаттау үшін ашылғанын айта кеткен жөн. Осы мақсатты барлық туристік компаниялар, саяхат турларын ұйымдастырушылар ескере бермейді. Бұл мұражай Бурабайдың ажырамас бөлігі саналатын Оқжетпес пен Жұмбақтас, Абылай хан алаңы мен Кенесары үңгірі сияқты қасиетті орынға айналуы тиіс. Барлық саяхатшылар бізге соқпай кетпесе екен дейміз», – дейді экскурсия жүргізушісі.
Юлия Железнева экскурсияны негізінен қазақ тілінде жүргізеді. Өтініш білдіріп жатса орысша да айтып береді. Ал шетелден келетіндер үшін барлық мәліметтерді ағылшынша жеткізеді. Бұл Ботай мәдениетімен танысқысы келетіндер сол заман адамдарының өмірін жақынырақ сезініп көрулері үшін арнайы жасалған.