Nickelodeon мультфильмдерінің 670 сағаты қазақ тілінде дубляждалды

Екі арнаның контентін қазақ тіліне аударып, дыбыстауға 570 млн теңге бөлінген

Nickelodeon мультфильмдерінің 670 сағаты қазақ тілінде дубляждалды

Әлемдік Nickelodeon мультфильмдерінің 670 сағаты қазақ тіліне аударылып, дыбысталды. Екі арнаның контентін қазақ тіліне аударып, дыбыстауға 570 млн теңге бөлінген. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Рамазанұлы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Арналарды таңдау кезінде әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері мен балалар арасында таратылатын мультфильмдердің танымалдығы ескерілген.

«2021 жылы басталған осы саладағы жарқын жобалардың бірі – «Балаларға арналған мемлекеттік тілдегі контентті ұлғайту мақсатында танымал балалар арналарын мультипликациямен қазақ тіліне аудару». Осы жоба шеңберінде TiJi және Nickelodeon балалар телевизиялық арналарының өкілдерімен шарттар жасақталып, ынтымақтастық орнатылды. Қазіргі кезде осы екі арнаның мультфильмдері 670 сағаты қазақ тіліне аударылып дубляж жасалды. Nickelodeon HD арнасы Алма ТВ және TV Commerce кабельдік операторларынан эфирге шығады»,-деді вице-министр.

Танымал мультфильм мәтіндерін қазақ тіліне аударып, дыбыстаумен отандық «Қазақфильм» компаниясымен бірге халықаралық «Синематон» мен «Movie distribution» компаниялары айналысуда.

Айта кететіні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы  деп жариялаған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.