$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.05.2022, 12:23
Мәдениет

Анимациялық фильмдер дубляжына қатысты мәселелер «Miras» кеңесінде қаралды

15 фильмді дубляждауға 75 млн теңге қарастырылған

Анимациялық фильмдер дубляжына қатысты мәселелер «Miras» кеңесінде қаралды

Анимациялық фильмдердің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау көрсету «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов отбасымен көруге арналған анимациялық фильмдердің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты атқарылып жатқан істерге тоқталды. Оның айтуынша, министрліктің бюджеттік бағдарламасында 15 фильмді дубляждауға 75 млн теңге қарастырылған.

«Биыл көрші елге енгізілген санкциялардың негізінде голливудтық компаниялар жаңа фильмдерінің тұсаукесерлерін Ресей нарығында өткізбейтін болды. Бұл ретте, министрлік еліміздің кинотеатрларында кино контенттің тапшылығын болдырмау мақсатында голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселесін жан-жақты қарастыруда. Аталған жұмыс аясында биыл шамамен 20 шетелдік фильмді, соның қатарында 3-5 толық метражды анимациялық фильмдерді дубляждау мәселесі пысықталып жатыр», деді вице-министр.

Алайда министрліктің бұл бағытта атқарған жұмыстары «Miras» мүшелерінің көңілінен шықпады. Осы орайда қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы министрліктің кадр даярлау мәселесіне салғырт қарап отырғанын алға тартып, кеңестің келесі отырысында бұл мәселе бойынша нақты жауап беруді сұрады.

«Бұл саладағы мамандардың басым бөлігі орыс тобында оқытылады. Қазақтың тарихын, әдебиетін оқымаған адам қазақтың баласының жүрегіне жететін мультфильм де, анимациялық фильм де түсірмейді. Сондықтан режиссер, сценаристерді даярлайтын оқу орындарындағы оқытушылар кімдер, олар қандай бағдарламамен оқытып жатыр мұның бәріне мұқият қарау қажет. Мемлекеттік тілді қолданысқа енгізетін біздің балаларымыз екені ешкімге жасырын емес. Ал балаларымыз әзірге орыс тілді мультфильмдер мен анимациялар көріп отыр», - деді О. Асанғазы.

Ал «Qazaqstan» РТРК АҚ Басқармасы Төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай балаларға арналған контент жасаушы маман ретінде ойын ортаға салды. Оның айтуынша «Қазақстан» телерадиокорпорациясында халықаралық талаптарға сай, кең көлемдегі дистрибуцияға сәйкес келетін дубляж құны бір фильм үшін 1,5 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін.

«Бізге үнемі бұл өте қымбат деген уәж айтылады. Дегенмен, маман ретінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тәжірбиесіне сүйене отырып айтқым келетіні, дубляж құны Диснейдің бір фильмі үшін 1,5 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін тұрады. Бұған дыбысты амортизациялау құнын қоссаңыз, дыбыс форматталып, кинотеатрға сәйкестенеді. Жалпы прокаттағы фильмдерді дубляждау ісіне мемлекеттік қолдау болған жағдайда «Қазақстан» корпорациясы бұл іске өз үлесін қосып, осы бағытта жұмыс істеуге, тапсырысты жүзеге асыруға дайын. Біздің қызметіміз нарықтағы ұсыныстан әлде қайда арзан, ал сапасы халықаралық талаптарға сай», - деп сендірді М. Жұмабай.

Дубляжды қолдауға бюджет қаражаты бағытталатыны да дұрыс шешім, өйткені аталған саланы субсидялау алыс-жақын шетелдердің көбінің тәжірибесінде бар. Бұл – белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпіұлының пікірі. Оның айтуынша, мұндай өзгерістер ана тіліміздің аясын кеңейтумен қатар, отандық дубляждың дамуына, актерлардың жаңа толқынының қалыптасуына, тұтастай алғанда қосымша табыс көздерінің пайда болуына жол ашады.

«Бұл ретте таңдалып алынатын туындылар ұлттық құндылықтар мен болмысқа қарсы келмейтіндей болуын қадағалауымыз керек. Аудару мәселесінде де ұлттық дүниетанымға сай болғаны абзал. Дубляжбен айналысатын студиялар да белгілі бір адамдардікі болмауы тиіс. Ашық бәсеке арқылы анықталуы қажет. Өкінішке қарай, қазақ тілінде көрсетілетін туындылардың кинотеатрлар көрерменге тиімсіз уақытқа қоятынын байқадық. Керек болса прайм-таймға қоюын да заңға енгізу керек шығар. Бұны тек көзбояушылық үшін жасаудың қажеті жоқ. Дубляж мәселесіне келген кезде «ң» әріпін айтатын актерларды таңдау керек деп ойлаймын. Осы дүниені де жалпы қарастырып жатқан жобалық заңдардың өзгертулер мен толықтыруларында міндетте түрде ескеру керек. Сол кезде біздің осы жұмысымыздан нәтиже шығады», - деді Д.Кәпұлы.

Сондай-ақ жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан және т.б. мәселеге қатысты өз ойын жеткізді.

Өзекті мәселелерді ұдайы талқылау, Үкіметтің есебін тыңдап, барлығын жіті бақылауда ұстау – кеңестің аса маңызды талабы. Сондықтан, көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың орындалуы кеңестің жіті бақылауында болады.

Серіктес жаңалықтары