$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Наурыз тойының бюджеті: Шымкент зообағы бал мен шайды кімге берді?

Шымкент әкімдігі биыл Наурызды тойлауға 118 млн теңгеге жуық қаражат жұмсады.

Наурыз тойының бюджеті: Шымкент зообағы бал мен шайды кімге берді?
Фотоколлаж

Ұлыстың ұлы күні республикамыздың әр өңірінде наурыздың ортасынан бастап тойлана бастады. 21 наурыз күні Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматыда салтанатты түрде ұлттық жаңа жыл мейрамымен құттықтады. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі той тойлауға ел қазынасынан қанша қаржы жұмсалғанын анықтап көрді.

ҚАҢТАРДАН КЕЙІНГІ АЛМАТЫ

Алматы қаласы биыл Наурыз тойын тойлауға үлкен мән берді. Әкімдік сайтында қаланың әр ауданында ауқымды концерттік бағдарлама өтетіні хабарланды.

21 наурыз күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік шараға арнайы барды. Президент Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, қаңтар кезінде қала тұрғындарының зор қауіп-қатерге төтеп бергенін атап өтті.

Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы наурыз тойын ұйымдастыру, өткізу шарасына лот жариялаған. Жалпы сомасы шарттың 1-қосымшасында көрсетілгендей 128 млн теңге. Тікелей бір көзден алу тәсілімен «Алматыгороформление» ЖШС әлеуетті өнім беруші ретінде таңдалған. Сатып алудың техникалық сипаттамасы көрсетілмегендіктен, аталған соманың жұмсалу тәртібін білу мүмкін емес.

Алматы әкімдігінің сайтында бұл жиынға арнайы музыкалық этно-фольклорлық композиция жазылғанын және концертке 500-ден астам әртіс қатысатыны хабарланды. Мерекелік концерттер қаланың әр ауданында жалғасып жатты. Ал әлеуметтік желідегілер Алматының ескі алаңындағы киіз үй орнына тігілген қостарға наразы екендіктерін жеткізді. Олар жиын мемлекет қаржысына атқарылатын болғандықтан, есебі ашып көрсетілуі тиіс екендігін айтты.

Мысалы, «Алатау» дәстүрлі өнер театры наурыз қарсаңында ер мен әйелдердің бір жұп етігін 60 мың теңгеден сатып алуға шарт жасасты. Ұзақ киіске шыдас беретін, таза былғарыдан тігілген етіктер болар. 

Десе де, қаңтардағы оқиғалардан соң Наурыз тойын дүркіретіп өткізуге қарсылық білдіргендер де болды. Мәселен, Маңғыстау өңірі Амал мерекесін өткізуден бас тартып, Наурызды өзара ұжым арасында ғана атап өтуге келіскен. 

ШЫМКЕНТ ЗООБАҒЫНДА БАЛ ҚОСЫЛҒАН ШАЙДЫ КІМ ІШЕДІ?

Той тойлағанды ерекше жақсы көретін Шымкент әкімдігі биыл да бұл мерекені сән-салтанатымен атап өтті. Соңғы жылдары мемлекет қазынасына деген қоғамдық бақылау күшейгелі бері әкімдіктегілер де әккі болып алған сыңайлы. Бұрынғыдай көздің жауын алатын миллиондарды жарқ еткізбей, бағынысты мекемелер арқылы там-тұмдап бөлуді меңгеріп алған ба дерсің. 2021 жылы наурызды тойлауға бюджеттен 565 миллион теңгеден аса ақша бөлген Шымкент әкімдігі биыл бұл бағытқа 118 млн теңгеге жуық қаражат жұмсады. Қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның сөзінше, Шымкентте Наурыз мерекесі 9-23 наурыз аралығында тойланған. Ал аталған қаражатқа бас-аяғы 12 іс-шара өткізіліпті.       

22 наурыз қарсаңында Шымкент зообағы жиыны 64 миллион теңгеден асатын сомаға көкөніс пен жеміс-жидек, азық-түлік, балық сатып алатынын жариялады.

Техникалық ерекшелігінде сатып алу мақсаты көрсетілмегендіктен, наурыз тойына арналып алынған мол дастархан мәзірі сияқты әсер қалдырады.

Ашық конкурс арқылы өткен үш сатып алуды бір ғана компания жеңіп алған, ол – «Компания Нұрлы-Жол» ЖШС.

Көкөніс және жеміс-жидек сатып алу бойынша 4 837 888 теңгеге 4363 келі ақжелкен (петрушка), 1 994 354 теңгеге 5,3 мың келі алма, 5 580 382 теңгеге 33 келі сәбіз, 4 497 969 теңгеге 17 мың келі қырыққабат, сол сияқты 40 келі анар, 366 келі шабдалы, 4 мың келі асқабақ, 74 келі апельсин, сондай-ақ тағы осындай мөлшерде бұрыш, банан, қауын-қарбыз сатып алды. Шарттың жапы құны – 32 млн 263 мың теңге.

Түсіндірмесінде азық-түлік сатып алу деп көрсетілген келесі шартта 1,4 келі шай, 1124 келі күріш, 349 келі ұн, 89 келі тосап, 109 литр май, 85 келі бал, сондай-ақ түрлі дәнді-дақылдарға тапсырыс берілген. Шарттың жалпы құны – 11 млн 750 мың теңге.

Ал балық өнімдері шарты бойынша 2 млн 479 мың теңгеге 354 келі дөңмаңдай (Толстолобик), 3 млн 767 мың теңгеге 885 келі балық уылдырығы, 7 млн 823 мың теңгеге 7 мың келі тұрпа балығы (Рыбец), 793 мың теңгеге 230 келі кальмар, 1 млн 346 мың теңгеге 387 келі асшаян (креветка) сатып алмақ. Шарттың жапы құны – 20 млн 870 мың теңге.

Дөңмаңдай балығын сатып алу бойынша техсипаттамасында «балық тағамдық құндылығымен, пайдалы қасиеттерімен және ерекше дәмімен бағаланады», деп көрсетілген.

Ендігі сауал: мұның барлығы зоологиялық саябақтағы өсімдіктер мен жан-жануарлардың қорегі ме, әлде наурыз көженің мәзіріне қажет азық-түлік пе?

Бұдан бөлек Шымкенттің наурыз тойына арналған бірнеше миллиондық құны бар кішігірім шағын тойлаулар әр мекемеде жалғасып жатыр. Оның нақты санына жету қиын.

Мәселен, Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастыруымен «Шымкент дәмі» гастрономиялық фестивалі 21 наурыз күні өтті.

Шымкентте өткен «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесінен көрініс
                                       Шымкентте өткен «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесінен көрініс

Мемлекеттік сатып алу сайтында аталған фестивальді өткізуге 16 млн теңге бөлген. Конкурстан кейін жаратылатын сома 11 млн 430 мың теңге.

Сәкен Майғазиев директор болған тұста атағы жер жарған Шымкент қалалық мәдениет үйі биыл да қара жаяу емес. Қалалық мәдениет үйі наурыз мерекесі аясында «Қошқар ата сейілі» іс-шарасын өткізуге құны 17 миллион 630 мың теңге болатын шарт жасасқан.

Одан бөлек Шымкент этноауылында 15 наурыз күні «Жайлау күні» атты би бағдарламасын өткізді. Мемсатып алу сайтында аталған кештің техникалық сипаттамасында құны 2 млн 500 мың теңге деп көрсетілген.

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНЕ БЕТ БҰРҒАН ТҮРКІСТАН

Кейінгі жылдары театр өнерімен жергілікті жұртшылықты тәнті етіп жүрген Түркістан өлкесі бұл Наурызда бейнелеу өнерімен таң қалдырмақ болды. Түркістан қалалық мәдениет үйі тікелей бір көзден сатып алу тәсілімен «A la prima» компаниясымен құны 30 млн теңге болатын шарт жасасты.

Суретшілердің халықаралық форумында 24 адамды екі апта қонақ үйге орналастыруға 5 млн 824 мың теңге, тамақтандыруға 5 млн 931 мың теңге, қаламақыға 4 млн теңге, қонақтарды қасиетті орындарға қыдыртуға 810 мың теңге жұмсалмақ. Бұдан өзге баспа қызметтері мен өзге де шығындар қарастырылған.

АТЫРАУ ӨҢІРІ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖҰМСАДЫ?

Орта есеппен 25 млн теңгенің көлемінде Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық театры да Наурыз тойын өткізуді құп көрді. Техникалық сипаттамасында «Ұлыстың ұлы күні» іс-шарасын ұйымдастыруға 25 миллион теңге жұмсалады деп көрсеткен. Театр 2021 жылғы Наурыз тойын да 25 миллион теңгеге мерекелеген.

Жергілікті жердегі дерекөздің айтуынша, қоғамдық талқыдан қашқан әкімдіктегілер мемлекеттік сатып алудың да амалын тапқан. Әуелі кішігірім қаржымен атқарып, ел аяғы тыншыған соң жыл соңына қарай қосымша келісім шарт жасасып, қалған қаржыны шығарып алатын көрінеді. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасымды екені белгісіз, ал бюджет қаржысының дұрыс әрі үнемді жұмсалып жатқанын анықтау құзырлы орындардардың еншісінде.

Серіктес жаңалықтары