$ 512.34  582.07  6.31
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әр оюдың қолданатын өз орны бар, оны кез келген жерге жабыстыра бермейді – қолөнерші ұлттық киімдерге сұраныстың артқанын айтты

Ұлттық нақыштағы киімдерді киетіндердің де, оны тігетіндердің де қатары артқан

Әр оюдың қолданатын өз орны бар, оны кез келген жерге жабыстыра бермейді – қолөнерші ұлттық киімдерге сұраныстың артқанын айтты

Қазақтың ұлттық киімі мен қолөнер бұйымдары тек Наурыз секілді мереке кезінде ғана еске түседі деп жиі айтатынбыз. Десе де, соңғы уақытта қазақша оюмен көмкерілген киімдер, көрпе-төсек, кілемдер, қол сөмкелері, түрлі аксессуарлар сәнге айналды. Тиісінше, осындай ұлттық дүниелерді тігумен, жасаумен айналысатын қолөнер шеберлеріне деген сұраныс та артып отыр. Мәселен, «Alasha art» өнер орталығының жетекшісі, этнограф Бұлбұл Кәпқызы жыл он екі ай Қазақстанның өңірлерін аралап, жас шеберлерге, тігіншілерге сабақ берумен айналысады.

Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан Бұлбұл ханым қазақ халқының күнделікті өмірде пайдаланған табиғи өнімдері, ата-бабаларымыздың киіну тәртібі мен қазақы қолөнердің маңызы жайында әңгімелеп берді.

Тоқыма өнерінің маңызы туралы

Бұлбұл Кәпқызы Моңғолияда туып-өскен. Тоқыма ісімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол қазақтың қолөнерін жастарға насихаттап жүрген жандардың бірі. Қазақстанға көшіп келгелі елімізде кенжелеп қалған өрмек тоқу өнерімен кәсіби түрде айналысады.

«Негізгі мамандығым – есепші экономист. Қазақстанға келгеннен кейін жергілікті халыққа бейімделу керек болды. Орысша жақсы білмегендіктен мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Осылайша жүрегім қалайтын қолөнермен айналысуды жөн көрдім. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өнер және менеджмент факультеіне түсіп, қосымша білім алдым. Елге келгелі қолөнермен шұғылданамын.

Қазақта тоқыма өнеріне кілем тоқу кіреді. Кілем тақыр және түкті кілем деп екіге бөлінеді. Одан кейін өрмек тоқу өнері бар. Өрмек тоқуға «алаша», «бұқар теру», «орап теру», «түкті теру» сияқты тоқу кіреді. Сондай-ақ, ши тоқу деген де бар. Бұл да үлкен өнер. Шидің адам денсаулығына пайдасы көп. Экологиялық таза өнім болғандықтан бұрыннан еттің астына ши жайылған. Киіз үйдің сыртынан ши тұтатын болсаңыз, іргеден шаң-тозаң, құрт-құмырсқа, жылан кірмейді. Тек самал есіп тұрады. Пайдасына қарай ата-бабаларымыз қолданған. Қазір ши тоқу, алаша, кілем, өрмек тоқу өнерінен және қосымша біз кесте тігуден сабақ беремін. Барлығын қолмен тоқимыз. Мақта, жібек және жүн жіптерді пайдаланамын. Маған Қазақстанның әр түкпірінен хабарласып, мастер-класс өткізуді өтінетіндер өте көп. Тіпті, парақшама келген хаттарға жауап беріп үлгермеймін. Бұл мені қатты қуантады», - дейді қолөнерші.

Маман қазіргі адамдардың бәрі жасандылықтан шаршағанын, табиғи өнімді тұтынуға бетбұрыс жасап жатқанын айтады.

«Қазір адамды таңдандыратын дүние қалмады. Бала күнімізде анамыз базардан етік не көйлек әкелсе қатты қуанып, тастамай киетін едік. Ол кезде жоқшылық болды. Ал қазіргі заманда бәрі бар. Бұрындары үйдің үлкені киген киімді кенжесіне дейін тоздырса, қазір біріншісі кигенді екіншісі кимейді. Былайша айтқанда, адамның көзі дүниеге әбден тойды. Оның үстіне өздері қолданып жүрген киімнің зиян, жасанды матадан жасалғанын біледі. Жасанды мата тез терлетеді әрі жағымсыз иістің шығуына себеп болады. Адамдар бұның бәрін түсініп табиғи дүниеге бет бұрып келе жатыр. Сәйкесінше, ұлттық киімдерге қызығушылық, сұраныс біртіндеп артып келеді», - дейді ол.

«Ою салудың да өз орны бар»

Бұлбұл Кәпқызын қынжылтатын бір мәселе – қазіргі кейбір қолөнершілердің ою-өрнекті қолдана білмеуі. Қазақы шапан мен көйлектерге орынсыз ою салынуы оның мән-мағынасын жоғалтады дейді ол. Айтуынша, қазақтарда киімге салынған әр оюдың өзіндік мән-мағынасы болған.

«Қазір кейбір адам қазақы шапан деп қырғыздың киімін киіп жүреді. Жалпы, халық арасында ала-шұбар оюдың бәрі қазаққа тиесілі деген теріс ұғым қалыптасып қалған. Қазақтар ешқашан оюды оңды-солды киімге жабыстырмаған. Ата-бабаларымыз киген киім бірінші кезекте қозғалуға ыңғайлы, кең болған. Екінші, киімнің матасына өте қатты мән берген. Бізде барқыт, масаты сияқты матаның әдемі атаулары көп. Қазір ақ көйлек қара бешпент кисе ұлттық киім сол деп ойлайды. Қазақ халқы көшіп-қонып жүргендіктен киімдері жыл мезгіліне бөлінген. Егер бұрынғы ата-әжелеріміздің салтымен киінетін болсақ, қазақтың киіміне ешбір киім жетпейді.

Әр оюдың өзіндік маңызы бар. Мысалы, ұл баланың киіміне көбіне өркеш таудың, қыран бүркіттің тұмсығын, найзаның белгісі бар балаға қайрат-жігер беретін оюларды көп салған. Болашақ батырымыз, қорғаушымыз деген мақсатта салынған. Қыз баланың киіміне керісінше нәзік гүл, жапырақ бейнесіндегі оюлар бейнеленген. Әйел адам айналасын әрдайым нәзіктікке, жылылыққа бөлеу керек. Сондай-ақ, қыз баланың күртешесіне құстың суреті көп салынған. Себебі, құс еркін самғап, өзі қалаған жерге ұшып барады. Қызымызға еркіндік өмір берілсін деген ниетпен кестелеген.

Ал, үлкен адамдардың киімінде ою көп болмаған. Тек шапанның жағасына, етегінің ұшына ғана кішкентай белгілер салынған. Кезінде екі рулы ел ренжіссе ат шапан айыппұл төлеген. Бұның өзі ат пен шапанның, басқа киетін бөріктің құнды болғанын білдіреді. Ал, қазір бір құдалыққа барса, жас шамасына қарамай ер азаматтың бәріне қаптаған оюы бар шапанды кигізе береді. Оны өмірде пайдаланбай той томалақта тағы таратып жібереді. Осылайша, қазақы шапанның қадірі кетіп бара жатыр», - дейді этнограф.

Бұлбұл ханым көпшілікке өзін киіз үй танушы деп те таныстырады. Шебер киіз үйдің қыр-сыры туралы арнайы кітап жазған. Қазіргі таңда қолжазба орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр.

«Ата-бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында көшіп жүрсе де, ешқашан баспанасын тастамаған. Киіз үй қазақ халқының өмірінде өте маңызды орын алады. Оның ішіндегі сәндік бұйымдар заман өткен сайын өзгеріп отырғанымен негізгі құрылымы мүлде өзгеремеген. Халқымыз сәндікті, әсемдік пен көркемдікті ешқашан ұмытпаған.

Бұған дейін киіз үй қалай жасалады, не қажет екенінің бәрін кітап етіп жазған болатынмын. Кітап энциклопедия ретінде шығатын болады. Киіз үйдің қазақша және қалмақша деген екі түрі бар. Қалмақы киіз үй Моңғолия, Бурятия, Якутияда көп қолданылады. Аласа, бірқалыпты болады. Себебі, сол елдің табиғатына қарай құрылған. Ал, қазақтың үйлері өте сәулетті, биік болған. Отырықшылыққа арналған, жылы, жаңбыр көп жауатын жерлерде биік киіз үй салынған.

Бала күнімнен киіз үйдің қалай жасалатынын көзбен көріп өстім. Бұл бізге ананың сүтімен дарыған өнер деп ойлаймын. Өнер адамды төзімділік пен мәдениетке тәрбиелейді. Адам сұлулыққа құштар болады. Қазақы қолөнер тұнып тұрған тәрбие. Болашақта күнделікті тұрмыс-тіршілігіңе де, нан тауып жеуіңе де керек болады», - дейді Бұлбұл ханым.

Ол халықты қазақша киімдерді, зергерлік бұйымдарды тек Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде қолдануға шақырды. Сондай-ақ, елді айтулы мерекемен құттықтады.

«Наурыз халқымыздың ең керемет мейрамы. Жаңа жылдың басы. Соңғы кездері пандемияға байланысты тойланбай қалды. Бірақ бұл мейрамның мағынасы тек тойлануда емес. Кейбір адамдар, мекемелер қолөнер шеберлерін наурыз мейрамы келген кезде ғана іздейді. Қазақтың ұлттық ойындары, тағамдары басқа да салт-дәстүрі тек мерекеде ғана емес, жыл бойы мән-мағынасын жоғалтпаса, назарсыз қалмаса екен деймін.

Қазіргі интернет дамыған заманда жасаған жұмыстарымды әлеуметтік желіге салып, көшлікке барынша насихаттап отырамын. Өзімнің ұлым, келінім де кілем тоқиды. Кейін олар өз бала-шағасына үйрететін болады. Осылайша, ұлттық маңызы бар дүниелеріміз келер ұрпаққа беріліп отыруы керек. Дайын техникадан шыққан дүниемен қолдан тоқылған дүниенің арасында жер мен көктей айырмашылық барын көбі білсе екен деймін. Сөзімнің соңында барша қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл жарылқай берсін», - деді Бұлбұл Кәпқызы.

Серіктес жаңалықтары