Елордада шетелдік дипломаттардың қатысуымен сурет көрмесі өтті

Сағыныш Ибрагим

Шара Наурыз мерекесіне арнайы ұйымдастырылған

Елордада Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы «Астана Суретшілер Одағы» қоғамдық бірлестігімен бірігіп, «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» тақырыбында көрме өткізді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Көрменің басты мақсаты – мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайту, әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің идеясын, қоғамдағы рухани және моральдық-адамгершілік құндылықтарды ілгерілендіру болды.

Көрмеде көпшілік Өмірәлі Исмаилов, Гүлдана Жұрқабаева, Ерлан Айтуаров, Мәжит Байтенов, Тілеужан Батанов т.б белгілі суретшілердің жұмыстарын тамашалады. Суретшілер өз жұмысында әр түрлі халықтардың өмірін, тұрмысын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, табиғаттың әсемдігі мен ұлылығын, бірлік пен амандықты бейнелейтін көктем мерекесі Наурыздың басталуын көрсетті.

Іс-шараға Орталықтың Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, Успен кафедралды соборының, Қазақстан Православие Шіркеуінің Астана шіркеу округінің протоиерей Дмитрий Байдек, Нұр-Сұлтандағы әулие Марияның Рим-Католик Архиепархиясының архиепископы Томаш Пэта, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мен Грузияның Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктері қатысты.

Н.Назарбаев орталығы Орталық Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев шараға жиналған қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында біздің еліміз өзінің тарихи дамуындағы маңызды тармақты – жаңа Қазақстанды құруды тапсырғанын атап өтті. Жолдауда айтылған месседждер Қазақстан халқына бірлік рухын сыйлады. Біз бір алаңда түрлі конфессиялар мен этнос өкілдерін біріктіре отырып, ортақ күш-жігерімізбен қазақстандық қоғамдастықта бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық идеяларын нығайта аламыз», - деді Болат Сәрсенбаев.

Ол көрме барысында елордалық Суретшілер одағымен бірлесіп, жақында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне балалар арасында толеранттылыққа, бейбітшілік пен келісімге деген балалардың көзқарасы тақырыбында конкурс жарияланатынын айтты.

«Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» көрмесі Бейбітшілік және келісім сарайының 3 қабаты, «Атриум» залында 2022 жылдың 8 сәуіріне дейін жалғасатын болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.