Роза Бағланованың 100 жылдығы Парижде атап өтіледі

Azattyq Rýhy

Роза Бағланованың репертуарында халқымыз ерекше сүйіп тыңдаған 200-ден аса әні болған

Роза Бағланованың 100 жылдығы Парижде атап өтіледі

Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ұлы әнші, «Халық қаһарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығы еліміздің әр өңірінде, сондай-ақ Парижде де атап өтілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлттық ән өнерімізді күллі әлемге мәшһүр еткен ұлы әнші, «Халық қаһарманы» Роза Бағланова апамызға - 100 жыл!

Кеше Елордамыздағы «Қазақстан» концерт залында отандық және шетел эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын Тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті.

Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде, Парижде, бесігін тербеген Сыр бойында ірі шаралар өтетінін жеткізді», - деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Ол өз сөзінде қаһарман әншінің рухына бағышталған рухани шараға ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мырза арнайы жүрекжарды тілегін жолдапты, ел ерекше ықыласпен қабылдады.

«Көктемнің алғашқы күнінде министрлікке қарасты «Қазақ әуендері» АҚ (басшысы – Ғалымжан Өтелбай) ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Тәжтажал мен түрлі әлеуметтік қайшылықтардың қамауында қалған қалың көрермен өнерге шөліркеп қалған екен. «Еңбек Ері» Роза Рымбаева бастаған шеберлер Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндерді орындады. Аракідік Тұлғаның ел мен жер тағдырына қатысты үзік-үзік пікірлері беріліп отырды. Алып сарайды толтырған әлеуметтің көңіл-ауаны да ерекше болды.

Роза Бағланова дүниенің алпыстан астам елінде гастрольдік сапарлармен болып, қазақтың сөзі мен сазы келіскен тамаша әндерімен қоса түрлі ұлттар мен ұлыстардың да әнін шырқапты. Жалпы репертуарында халқымыз ерекше сүйіп тыңдаған 200-ден аса әні болған», - деді ол.

Сөзін жалғай отырып, біртуар әншінің жаны қандай нәзік болса, жүрегі аттың басындай қайсар екеніне халық сан рет куә болғанын айрықша атап өтті.

«ІІ-Дүниежүзілік қырғында оқ пен оттың ортасында жауынгерлерге рух сыйласа, бейбіт кезеңде де елдің мұң-зарын үлкен мінбелерден шыбын жаны шырқырап айтқан еді.

Адамзатқа уын шашқан атом бомбасы сынағын тоқтатуды талап етіп, аңқасы кепкен Арал тағдырына араша сұраған, Желтоқсан көтерілісінің әділетсіздігін төрелерге тура қарап айтқан да осы Роза апамыз болатын.

Роза апамыздың азан шақырылып қойған негізгі есімі Үрбибі екен. Кеше айтулы сахна жұлдыздарымен бірге даңқты Тұлғаның немересі он үш жастағы Үрбибі Бағланова да өнер көрсетті.

Концерт соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан ұлы әншінің құрметі һәм рухына арнайы ықылас гүлі (себет) сахнаға шығарылды. Шара басында көрермендер назарына әншінің өміріне құрылған фотокөрме ұсынылды.

Еліміздің біртуар тұлғаларына деген құрметіміз ешқашан бәсеңдемесін!» - деді депутат Жанарбек Әшімжан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.