Түркіменстан мен Түркістан билігін елеңдеткен фильм: режиссер Рашид Аюповтың ұсынысын «лайктап» қоя салған
Америкалық режиссердің кинотуындысында «такиказахстан» сөзі де қолданылады
13 желтоқсан күні Netflix стрим-каналында америкалық режиссер Майкл Бэйдің «Елес топ 6» (Underground 6) атты фильмі шықты.
Атыс-шабыс жанрындағы туындыда «Тургистан» атты ойдан шығарылған елдегі диктаторлық режимнің жойылуы көрсетіледі. Америкалық миллиардер әр елдің үздік «жендеттерін» жалдап, мемлекетте қолдан төңкеріс ұйымдастырады. Сөйтіп, «Тургистан» басшысы Ровак Алимовты өз халқына ұстап береді. Кедейліктен, қорлықтан қажыған жұрт оны көшеде жабылып ұрып өлтіреді.
Кино шыққаннан кейін, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өз Facebook және Instagram парақшаларында режиссер Майкл Бэйдің атына ұсыныс пост жариялады.
«Фильмді көргеннен кейін миллиондаған адамдар ойдан шығарылған «Тургистан» еліне қарап, біздің қаламыз туралы жаман ойлап қалуы мүмкін. Себебі, екеуінің атауы өте қатты ұқсайды. Оның үстіне, қазір елдегі көп адамдар фильм Түркістан туралы деген пікір айтуда», - деген ол жазбасында.
Айтпақшы, фильмнің бір тұсында кейіпкерлер мемлекет атын шатастырған болып, «такиказахстан» деген сөзді де айтып қалады.
ӘКІМ РЕНЖІГЕН ЖОҚ, МАЙКЛ БЭЙ ЛАЙК БАСТЫ
Рашид Аюпов Майкл Бэйді Түркістан қаласына шақыра отырып, ежелгі шаһар туралы жақсы кино түсіруге болатыны туралы да айтқан. «Azattyq Ruhy» тілшісі әкімнің баспасөз қызметіне хабарласып, фильм режиссері Майкл Бэйдің Түркістан әкімінің «хатына» жауап берген-бермегенін сұрады.
«Майкл Бэй инстаграм парақшасында әкім тарапынан жазылған пікірге әзірше тек лайк басып, еш жауап қатқан жоқ. «Тургистан» мемлекеті ойдан шығарылған атау болғанына қарамастан, көрген жандар басқаша қабылдауда. Қазір де бірнеше интернет ресурстар «Туркестан мемлекеті» деген ұғымды қолданып жаңалықтар жариялап жатыр. Әкімнің осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Майкл Бэй кинодағы оқиғалардың біздің елімізге қатысы жоқ екені жайлы бір ауыз пікір білдірсе деген ниеті бар»,- деп жауап берді бұған байланысты Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге әкімдік өкілдері Р.Аюповтың Майкл Бэйге ешқандай реніш білдірмегенін ескертті.
Расымен, соңғы күндері шетелдік БАҚ кей материалдарында «Түркістан елдері» деген тіркесті қолдануды бастады. Мысалы, ресейлік Regnum.ru ақпараттық агенттігінің тарихшы Дмитрий Верхутровпен жасаған сұхбаты «США против Ирана: «Вашингтон будет искать друзей в Туркестане» деп аталады. Бірақ материал авторлары «Түркістан» сөзін «6 Underground» фильмінен кейін қателесіп пайдаланып отыр ма, жоқ па, белгісіз.
ТҮРКІМЕНСТАН ҚАТТЫ ҚАПА БОЛДЫ
Кино прокатқа шыққаннан кейін Түркіменстан мемлекетінде бірден антиамерикалық үгіт-насихат басталды. «Хроники Туркименстана» порталының жазуынша, мектептер мен мәдениет үйлерінде кездесулер өтіп, жергілікті басшылар «АҚШ – түркімен халқының жауы, олар еліміздің көзін құртқысы келеді» деген сарындағы түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Тіпті, сол фильмге бола елдегі кинотеатрлар мен Netflix киносайты жабылған.
Бірақ журналистерге АҚШ-тың Түркіменстандағы елшілігі екі ел арасындағы қарым-қатынастың тұрақты екенін айтқан. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «Azattyq Ruhy» тілшісіне фильмге қатысты толыққанды пікір білдірген жоқ. «Ешқандай пікір білдірмеймін. Ол киноны көргенім де, естігенім де жоқ», - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан