«Тәуелсіздікке тартуым»: Қытайдан келген қандас Тәуелсіздік туралы патриоттық 30 ән жазды

Azattyq Rýhy

Биыл қазақстандықтар тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатыр

Қытайдан келген композитор, ақын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап 30 патриоттық ән жазды.  Сазгердің сөзінше, Тәуелсіздік қандастардың шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік берді. Бөтен елде саяси сүрлеудің небір сынынан өткен қандастар елге оралса да, олардың тарихи Отанына деген сағынышы әлі күнге басылған емес.

Кезінде Елбасының шақыруынан кейін Қазақстанға келген ақын-жазушы, әнші, композитор, ғалымдар өз жүрек қалауы бойынша шығармашылықпен еркін айналысып, әрқайсысы шамасынша елге қызмет етіп келеді. Сазгердің шығармалары жастарға патриоттық тәрбие беретін, естіген жанға Отанына деген сүйіспеншілік тудыратын туындылар. Шығармашылық кешке әнші Ерлан Төлеутай, актер Бекжан Тұрыс, ақын Мұқтар Шаханов, Жүрсін Ерманов сынды елге танымал қайраткерлер қатысып, ой бөлісті.

«Композитор әндерінің сарыны Ақан сері мен Біржан салдың мұрасымен үндес. Өзінің жүрегіндегі Отанына деген сағынышты әндерімен жеткізген. Тәуелсіздікке тарту ретінде халқын сапалы шығармаларымен қуантып отыр. Тыңдарман қауымға мағынасыз әндер емес, осындай патриоттық шығармалар көбірек жол тарту керек. Сол кезде қазақтың төл өнері де бұзылмайды, берер тәрбиесі де мол болмақ», - деді жазушы Жәди Шәкен.

Сазгер екі мыңыншы жылдары Қытайдан тарихи отанына біржола көшіп келген. Түрлі қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы ретінде де көзге түсіп жүрген Ерлан Төлеубай  «Ұлы дала ұраны» атты ән жинағын шығарып, халыққа таратты. Рухани азықпен тыңдармандарын сусындатып жүрген ер ағасы «Қазақ өнерінің қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.

«Қазір қазақ өнері дәстүрлі сарынынан айырылып, жан-жақтан қапаған мағынсазы әндер тыңдарманның талғамын бұзды. Қазақтың әр аймағына тән әуеннен айырылып барамыз. Ұлттық музыкада қазақтың тарихы, арман-мұраты жатыр. Қазіргі музыкамызға кәріс, өзбек, үнді сынды өзге елдердің әуендерін араластырып жіберді. Жеңіл, мазмұны мен мағынасы таяз, елікпе, желікпе әуендер, әндер қаптап кетті. Сондықтан Тәуелсіздікке тарту ретінде тыңдарманға жол тартқан бұндай патриоттық, тәрбиелік мәні бар әндер ауадай керек», - деді Ерлан Төлеутайдың өзі.

Композитор Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңіне, Мағжанның «Мен жастарға сенемін», ақын Алмас Ахметбектің «Әлиханның монологы», сонымен қатар Мұстафа Өзтүрікке арнаған «Біз түркілерміз», «Түркістан» сынды өлеңдерге ән жазыпты.

«Халифа Алтай атамызды білесіздер, Тәуелсіздік алғанымызды естігенде, мұз үстінде сәжде қылған. Мұстафа Өзтүрік те сол жүрекпен, сол ниетпен келді. Қара жерге басы тигенше ел үшін еңбек етті. Шұғыла апамыз биімен, Майра апамыз әнімен келді. Біз қазақтың дәстүрлі ән өнерінің түпнұсқасын бұзбай дәріптеу ниетімен ән жазып жүрміз. Мен үш ән жазсам, соның екеуі патриоттық ән. Сол 30 әніме «Ұлы Дала ұраны» деп ат қойып, таспа етіп шығардық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қолымыздан келгенше арнап жатқан еңбегіміз. Әнді жазамын деп арнайы жазбаймыз. Оның барлығы кешегі жер таласқа түскенде, жер дауы болған кезде, Отанға оралғанда жазылды. Талапбек Тынысбекұлы деген досым дәмхана ашқан кезде: «Қазаққа қазанмен болса да көмектесемін» деп айтқан. Сол сияқты біз де қолдан келгенше еңбектеніп жатырмыз. Қазір қазақтың руханиятын дамытуға жұмыс істеп, санасын ояту керек. Өйткені қазақ оянбай, өзінің кім екенін білмей, Тәуелсіздіктің қадірін түсінбейді. Сол себепті Мағжан сенген жастарды тәрбиелеуіміз керек. Кешегі Алаштың шығара алмай кеткенін басып, жаза алмай кеткенін жазуымыз керек», - деді сазгер Ерлан Төлеубай.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.