Дәрежан Өмірбаевқа Токиода «Үздік режиссер» атағы берілді
Қазақстандық режиссердің «Ақын» фильмін қазылар алқасы мен көрермендер жоғары бағалаған

Қазақстандық танымал режиссер Дәрежан Өмірбаев 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы 8 қараша күні фестивальдің жабылу салтанатында белгілі болды.
Қазақстандық режиссер өз сөзінде «Ақын» фильмін жоғары бағалаған қазылар алқасы мен фестиваль көрермендеріне алғысын білдіріп, көркем туындының нақты бағасын уақыт беретінін атап өтті.
«Бұл менің ғана емес, бүкіл түсірілім тобының және «Қазақфильм» киностудиясының жеңісі. Осындай жүлделер үздіксіз жұмыс істеуге жігер береді», – деді Дәрежан Өмірбаев.
Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі Дидар есімді мойындалмаған жазушының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» желісі бойыншы жазылған. Фильмдегі басты рөлді «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев сомдады. Кинотуындының түсірілімдері Алматы қаласында өтті. Картинаның қоюшы операторы Борис Трошев, қоюшы суретшісі Александр Ророкин. Фильмнің продюсерлері – Юлия Ким және Ержан Ахметов.
1980 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Tokyo International Film Festival кинофестивалі Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясының (FIAPF ) тіркеуінен өткен, «А» санатындағы әлемдегі үздік 15 кинобайқаудың қатарына кіретін беделді фестивальдердің бірі.