Елордада тұңғыш рет ашылған инклюзивті театр ерекше жандардың талантын ашуға мүмкіндік береді
«Қанаттылар» инклюзивті театрының актері Жүзбай Серікпен сұхбат
Жақында ғана елордада ерекше жандарға арналған инклюзивті театр ашылды. Өнер орталығы «Жастар» театрының жанынан құрылған. Негізгі мақсаты – физиологиялық ерекшелігі бар адамдардың талантын ашу, қоғам ұзақ уақыт бойы байқамаған мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталған. Театр «Қанаттылар» деп аталатын алғашқы қойылымын көрерменге ұсынып та үлгерді. Ерекше жандарға арналған мұндай өнер ошағы елімізде тұңғыш рет ашылып отыр.
Azattyq Rýhy тілшісі алғашқы инклюзивті театр актері, «Мирас-А» қайырымдылық қорының президенті Жүзбай Серік мырзамен сұхбаттасып, театрдың қазіргі қоғамдағы рөлі, ерекше жандардың өмірінде кездесетін қиындықтар жайында сұхбаттасты.
Жүзбай Серік дәрігерлердің салғырттығынан қос жанарынан бірдей айрылған.
«Өмір әр түрлі сынақтардан тұрады. Сондай сынақ менің де басыма түсті. 2017 жылы көз жанарымнан айрылдым. Көздің күрделі ауруы, миопияға шалдықтым. Ота жасау барысында дәрігерлердің қателігінен екі көзім де ағып кетті. Тек кішкентай ғана саңылау бар. Оның өзі кейде жоғалып кетеді.
«Мирас-А» қайырымдылық қорында 11 жылдан бері қызмет етіп келемін. Ерекше жандарға арналған арнайы жоба, түрлі шаралар ұйымдастырамын. Инклюзивті театр ашылатынын естіп, театрға жетекшілік ететін Арнұр Ысқақовқа бардым. Ол кісіге өз ұсынысымды айтып, театр құрамына қабылдандым. Бұл маған ерекше шабыт берді. Өмірге деген құлшынысым одан сайын арта бастады. Театрдың алғашқы қойылымында орта буын өкілі болғандықтан өз жасыма сай басты рөлдің бірі – «Ақылшы» рөлін алдым. Махаббаттан көңілі қалып, өзіне қол жұмсағысы келген қызға басу айтып, сабырлыққа шақырамын. Көрмесем де билеп, жанымдағы тағдырластарыма қолдау көрсетемін. Алғашқы қойылымды көрермен өте жақсы қабылдады. Көрерменмен бірге отырған еркеше қажеттілігі бар жандар да шабыттанды», - дейді актер.
Инклюзивті театр құру ұсынысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ақпан айынан бастап қолға алынған. Театр жетекшісі Арнұр Ысқақов бір ай көлемінде театр ұжымын қалыптастырды. Театр құрамында барлығы 21 актер бар. Олардың 11-і құлағы нашар естейтін адамдар, үшеуі зағип жан болса, қалғаны арбаға таңылғандар.
«Театрдың ашылғанына өзім қатты қуандым. Себебі, мен сияқты жанарынан айрлып, не істерін білмей үйде отырған жандар өте көп. Көзі көрмей қалған сәтте өзін өлтіруге дейін барғандар бар. «Ешкімім жоқ, үстімнің қай жері кір екенін де көрмеймін» деп налыған жандарды кездестірдім.
Бұл театр – бойында өнері бар, бірақ жалғыз қалған адамдарға үлкен мүмкіндік. Ерекше жандардың өнеріне куә болған он екі мүшесі сау адамдардың өзіне де тәрбие болары сөзсіз. Бұрын тек зағип жандардың ортасында жүріп, соның ғана ауыртпашылығын білетін болсам, театрға келгелі арбада отыратындардың, құлағы естімейтіндердің жағдайына кіріп, түсініп жатырмын. Қазір бәріміз достасып, бауырдай болып кеттік», - дейді ол.
Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады
Жүзбай Серік мүгедек жандардың жұмыспен қамтылуы және жүріп-тұруы барысында туындайтын қиындықтары туралы айтты.
«Қазір мемлекет ерекше жандарды жұмыспен толық қамтып жатыр. Олар халыққа қызмет көрсету орталықтары және басқа да жерлерде жұмыс істейді. Қолөнермен айналысып жүргендері қаншама. Еңбек етемін деген адамға әрдайым жұмыс табылады.
Айта кететін тағы бір мәселе – ерекше жандардың еркін қозғалысы. Бізде мүгедек адамдардың жүріп-тұруына, бір жерге баруына толық жағдай жасалмаған. Мен өзім бұған дейін аудиодескрипция мәселесін көтерген болатынмын. Көзінен айрылған адамдар көрмегеннен кейін көп нәрсені түсінбейді. Осылайша, біз театрдағы бірнеше қойылым, музей ақпаратын және 10 киноны аудардық. Аудиодескрипция – қойылым барысындағы жаңбыр, амандасу сияқты сөйлемеген екі адамның арасындағы байланысты оқып тұру. Оны естіп, не болып жатқанын сезіне аламыз. Аялдамада тұрған кезде де қандай автобус келгенін білмейміз. Қасыңда тұрғандардан сұрасаң, біреуі үндемейді, ал біреуі құлағына құлаққабын салып мүлде естімей тұрады. Сондай кездерде қиналып қаламыз. Осы мәселені көтеріп әкімшілікке бірнеше рет хат жаздым. Қандай автобус келгенін дауыстап айтып тұрса зағип жандарға көп көмек болар еді. Қажетті жағдай жасалса, көптеген мүгедек жандар жұмысына еркін барып тұрады деп ойлаймын», - дейді Жүзбай мырза.
Сахнадағы қиындықтар туралы
Сахнаның сау адамның өзін абдыратып тастайтын қасиеті бар. Инклюзивті театр актері қойылым барысында болатын қиындықтар туралы айтты. Сахнаға есеппен шығамыз дейді ол.
«Сахнада тұман, түтін, түрлі-түсті жарықтар болады. Көз мүлде көрмей бағыттан айрылып қалып жатамыз. Сондай сәттерде қадаммен жүреміз. Қабырғаны санап, «оң жақтан шықсақ, керекті жерге бару үшін жеті қадам, солға бұрылу үшін бес қадам», деп есептейміз. Рөлді жаттау кезінде қиындықтар болады. Дайындық уақытында бәрі ойдағыдай көрінгенімен сахнаға шыққанда қобалжып қаламыз. Халықтың энергиясы бәрібір өзінікін алады. Десе де, тоқтап қалмауға тырысамыз», - дейді актер.
Инклюзивті таеатр актері алдағы жоспарларымен, орындағысы келетін үлкен арманымен де бөлісті.
«Жоғарыда айтқанымдай, театрдан бөлек түрлі қайырымдылық шараларын жүргіземін. Болашақта ешкімі жоқ ерекше жандарға арналған «Тәуелсіз еркін өмір сүру» орталығын салғым келеді. Ішінде қонақ үйден бастап, спорт зал, асхана, кітапхана, түрлі жиын өткізу орындары болады. Жерді де алып қойдым. Жоспары құрулы тұр. Болашақта саламын деген ойым бар. Басқа жақтан жұмысын бітіру үшін келетін ерекше адамдар еш қысылмай орталықта орналаса алады.
Қазақстанда көзі көрмейтін актер жоқ. Біз бірінші болып бастап жатырмыз. Басты мақсат – өзіміз сияқты тағдырлас жандарға шабыт беру, қолдау көрсету. Мүмкін шәкірт дайындайтындай деңгейге жетерміз», - деп қорытындылады Жүзбай Серік.
Инклюзивті театр актерлері әнді іс-қимылмен орындап, биді адам аяқтарының тарсылын сезіну, қасындағыларға қарау арқылы билейді. Театрға мүше болғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы талап жоқ. Тек айтары мен көрсетері бар өнерге жақын адам болса болғаны.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан