$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.08.2021, 17:38
Мәдениет

Шикізат көп, өңдейтін кәсіпорын аз – домбыра жасаушы шебер

Ол жасаған домбырада Елбасы күй шерткен

Шикізат көп, өңдейтін кәсіпорын аз – домбыра жасаушы шебер

«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» дейді дана халқымыз. Біздің кейіпкеріміз де киелі өнерді өміріне серік етіп, өнер керуенінің көшімен бірге келеді. Бойында бір емес, бірнеше таланты бар шебер Ерболат Ахаев домбыра жасап, ұлттық өнерді ұлықтап жүр.

Әкеден қалған асыл мұра

Ол 1969 жылы Тарбағатай ауданы Құйған ауылында дүниеге келген. Қанына біткен өнерді қасиетіне балаған кейіпкеріміздің әкесі де шеберлігімен бүкіл ауылды тамсандырыпты.

«Бұл өнер бізге анамыздың сүтімен, әкеміздің қанымен тарады. Шешем өте ісмер кісі еді. Бүкіл ауылдың кестесі мен оюлы сырмағы оның сын көзінен өтетін. Әкем де сурет өнерінен кенде емес. Қолындағы қарындашы ақ параққа тиісімен өздігінен жорғалай жөнелетін. Бір таңғаларлығы, қарындашын парақтан көтерместен адам бейнесін салып шығатын. Кей кездері ағаш өнерімен де айналысатыны бар-тұғын. Ауылдағы үйлердің есік-терезелерінің көбі әкемнің шеберханасынан шыққан», - дейді Ерболат Ахаев.

Жастайынан сурет салумен айналысып келген суретші бір сәтте қалай домбыра жасайтын һас шеберге айналды? Бұл сауалға кейіпкеріміз былай деп жауап берді:

«Алғашында табиғат көрінісі мен портреттік бейнелерді жиі салдым. Кейіннен Алматыға оқуға кеттім. Сол жерде суретшілігімді шыңдап, табыс көзіне айналдырдым. Кейін ағам екеуіміз бірігіп сурет сала бастадық. Уақыт өте келе Алматының ауа райы денсаулығыма жақпай, шарасыз Өскеменге қайтуға тура келді. Шығысқа келгеннен соң да сурет салуды тастамадым. Өскемендегі Жамбыл атындағы саябақта сурет салып, сатып жүрдім. Бір күні сол саябақта домбыра жасайтын Зәуір есімді бір жігітпен таныстым. Ол туындыларымды көріп, маған бірігіп жұмыс істеу жайында ұсыныс тастады. Алғашында үнемі кескіндемемен айналысқан саусақтарымның домбыра жасауға икемі келетініне күмәндандім. Келісім бермей толғанып біраз жүрдім. Бір күні сылтау да таусылды, ақыры баруға тура келді. Сөйтіп барып бірақ күнде домбыра жасауды аяқ астынан үйреніп кеттім, - дейді ол әңгімесін жалғап.

Домбыраның жақсысы ағашынан

Жігіттің бойындағы жасырынып жатқан өнерді көріп, талант иесінің тамырынан басқан Зәуірдің сол кезде Ерболат Ахаевтан шебер домбыра жасаушы шығатынына бек сенімді болған. Зәуір домбыра жасаса, кейіпкеріміз безендірумен айналысты. Сөйтіп, екеуі ағаш жонып, аспап жасауды мықтап қолға алды.

Шебердің айтуынша, бір домбыра жасау үшін бес түрлі ағаш қолданылады екен. Кейбір жеріне қатты ағаш, тағы бір бөлігіне жұмсақ ағаш пайдаланылады. Көбінесе балқарағай, шырша, қарағай, емен, қайың, үйеңкі сынды ағаштар іске жаратылады. Бір өкініштісі, табиғи байлықтың отаны болсақ та, шеберлер домбыра жасайтын материалдардың басым бөлігін көрші елдерден алатындарын жасырмады. Бұл материалдар біздің елде жоқ емес, бар. Бірақ өңдейтін өнеркәсіптің аздығы кедергі келтіретін көрінеді.

«Домбыра жасауға қажетті материалдарды шетелден алдыруға мәжбүрміз. Домбыра жасауға елімізде шикізат жетерлік. Бірақ өңдейтін кәсіпорындар санаулы. Тіпті кейбір қажетті заттарды шетелден алдыруға тура келеді», -дейді шебер.

Ерболат Ахаев тек домбыра жасаумен ғана шектелген жоқ. Қобыз, шертер, дабыл, дауылпаз жасайды. Сонымен қоса, қазақи астаудың да сәнін келтіре біледі.

«Астау жасағанда ағашын дұрыс таңдаған жөн. Жасап болғаннан кейін міндетті түрде малдың іш майы мен күнбағыс майын қыздырып астауды салу керек. Біраз уақыттан кейін оны қайта қызыл шоққа ыстасаң астау сонда ғана жарылмайды. Қазір көптеген шеберлер майға салмайды. Тез жарылып кетуінің себебі осы», - деп шебер өзінің кейбір құпиясымен бөлісті.

Бір домбыра толығымен құрастырылып болуы үшін кем дегенде 19 әрекетті қажет етеді екен. Шебер уақыттан ұту үшін бір жолда 10-15 домбырадан жасайтынын айтты. Ал жеке бір домбыраны жасауға бір жұма уақыт кететін көрінеді.

«Домбыра таңдағанда ағашына баса мән беру керек. Әсіресе, бет тақтайына. Бет тақтайы әр жерде әртүрлі болады. Яғни шеті мен ортасының қалыңдығы ұқсамайды. Бет тақтайының қалыңдығы көбінесе 3,5-5 милиметр аралығында болады», - дейді ағаш шебері.

Шебердің қолынан шыққан домбыралардың бағасы аспандағы айды тілеп тұрған жоқ. 15 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Тапсырыстардың басым бөлігі елорда мен Алматыдан түседі. Тіпті көршілес жатқан Қытай елі де оның домбырасына қызығушылық танытып, өздеріне алдырып отырған. Тек бүгін ғана әуелеген әуезді ән мен күмбірлеген күйдің құдыретінен тіксінген қытай елі Қазақстаннан баратын домбыра керуенінің көшіне бұйда салып отыр.

Шеберлігінің арқасында Ерболат Ахаевтың бүгінге дейінгі бағындырған белестері аз емес. Елімізде өткен талайлаған дүбірлі додаларда қанжығасы майланып қайтты. «EXPO 2017» қолөнершілер байқауында үшінші орынды иеленді. Ұлы отан соғысының 70 жылдығына арналған және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған додада 1 орынды қанжығалады. Тіпті Ерболаттың еңбегі «Ұлы даланың әуезді әуендері» атты жинаққа да енген. 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Шығыстан естелік ретінде бір домбырасын тарту етті.

«Жолы түсіп Елбасы Шығысқа келгенде мен жасаған домбыраларымды алдыртты. Қос домбыра да жақсы жасалған еді. Кезек-кезек шертіп, сынап біраз уақыт тұрды. Соңында біреуін таңдап бірнеше күйдің басын қайырды. Кетерінде сол домбыраны сыйға тарттық», - деп шебер болған жайтты еске алды.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, шебер өзінің ізбасары үлкен ұлына дән риза.

«Үлкен ұлым суретті өте жақсы салады. Сызған суреттерінен қатып қалған қағидалардан көрі еркіндікті көремін, шығармашылық талпынысы өзгеше. Оның жасында мен ондай сурет сала алмаған едім», - дейді ол.

Әрине, атадан қалған мұраға мұрагер болар ұл туса, әке үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!

Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#қолөнер #домбыра