ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Музей, кітапхана, театр және кино: Қазақстанның мәдениет әлеміндегі жетістіктері жайлы

Мәдениет және спорт министрлігі өкілімен сұхбат

Коллаж

Биыл Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанына 30 жыл толады. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі мәдениет пен өнер саласындағы атқарылған ілкімді істер, жетістіктер жайлы Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз хатшысы Әсел Серікпаевамен сұхбат құрды.  

ҚАЗІР ҚАЗАҚСТАНДА 238 МУЗЕЙ БАР

Спикердің айтуынша, музей – тек мәдени орталық қана емес, сондай-ақ білім беру орталығы.

«ҚР Президентінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 939 жарлығымен бекітілген ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасына сәйкес, мұражайлар – ғылым мен зерттеу қызметін дамытудың тірек орталықтары. Осыған байланысты мұражайлар ғылыми зерттеулермен айналысады, археологиялық, этнографиялық, археографиялық және т.б. далалық экспедициялар өткізеді. Сондай-ақ 2020 жылға дейін отандық мұражайлардың қоры 15 000-нан астам экспонаттармен толықтырылды», - деді спикер.

Қазір әртүрлі бағытта жұмыс істейтін 238 музейдің 18-і республикалық маңызы бар нысан саналады. 2014 жылы Орталық Азиядағы ең ірі мәдени орталық ретінде Қазақстанда Ұлттық музейі ашылған.

«Қысқа уақыт аралығында Ұлттық музейде 270 көрме ұйымдастырылды. 69-ы халықаралық, 20 шетелдік көшпелі көрме Әзірбайжан, Түркия, Малайзия, Греция, Беларусь, Солтүстік Македония, Қытай, Үндістан, Корея, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан және әлемнің басқа елдерінің ұлттық мұражайларында өтті», - дейді ведомство өкілі.

Сондай-ақ «Алтын адам» әлемнің 13 елінің ұлттық музейінде таныстырылған. Қазақстан тәуелсіздік жылдары халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі атанған.

Мұражай ісін реформалау үшін экспонаттардың 3D үлгілерін сандық каталогқа енгізу ісі жүріп жатыр. 13 657 музей экспонаты цифрлық форматқа (3D модель) көшірілді.

КІТАПХАНА ІСІ: 71,5 МЛН КІТАП ҚОРЫ БАР

Қазір республика бойынша жалпы кітапхана қоры 71,5 млн астам әдебиетті құрайды. Сонымен қатар, қор жыл сайын 2,5 млн бірліктен астам құжатпен толықтырылады.

«Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия, Венгрия, Швеция сияқты әлемнің 35 елінің ұлттық кітапханасында халықаралық қоғамдастықпен байланысты нығайту мақсатында қазақстандық әдебиет пен мәдениет орталықтары ашылды. Алғаш рет 2018-2019 жылдары министрлік қазақстандық авторлардың үздік әдеби шығармаларын (поэзия мен проза бойынша) БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жобасын жүзеге асырды. Жарияланған антологиялар жетекші білім беру ұйымдарына немесе ұлттық кітапханаларға әлемнің 94 елінің аударма тілін қолданатын елдерге таратылды. Антологияға Әбіш Кекілбайұлы, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Сопы Сматаев, Роза Мұқанова, Мұхтар Шаханов, Тұман Молдағалиев сияқты 61 қазақстандық автордың 450-ден астам туындысы енді», – дейді Әсел Серікпаева.

30 ЖЫЛДА 20 ТЕАТР АШЫЛДЫ

Бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 67 театр бар. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 20 театр ашылған. Оның ішінде, 8 театрдың ғимараты Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Өскемен, Шымкент және Талдықорғанда салынды.

«Қазақстанның театр өнерін дамыту, сондай-ақ дәстүрлі негізде дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтау және ынталандыру мақсатында 1992 жылдан бастап Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өткізіледі. Жыл сайын шетелдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумы өтеді. 2006 жылдан бастап екі жылда бір рет Орталық Азия елдерінің театрларының халықаралық фестивалі өткізіледі. Бұдан бөлек, 2007 жылдан бастап екі жылда бір рет «Ортеке» қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі жақын және алыс шетелдердің жетекші қуыршақ театрларының қатысуымен өтеді», - деді спикер.

Еліміздегі этникалық театрлар үшін 2011 жылдан бастап екі жылда бір рет Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының республикалық фестивалі өткізіледі. Онда театр қойылымдары 6 тілде – қазақ, орыс, корей, ұйғыр, өзбек және неміс тілдерінде ұсынылады.

«Опера және балет өнерін дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Елімізде 3 опера және балет театры және 1 балет театры бар. Әртістеріміздің шеберлігінің артуына әлемнің үздік театр шеберханаларында білім алуы оң әсер етеді. Мемлекеттің қолдауымен опера және балеттің жетекші солистері Ла Скала академиясында, Вена операсында, Мариин театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньядағы опера мектебінде тағылымдамадан өтеді», - деді министрлік өкілі.

ОТАНДЫҚ ФИЛЬМДЕР БЕДЕЛДІ ФЕСТИВАЛЬДЕРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

1991 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде «Қазақфильм» киностудиясы 574 көркем, деректі және анимациялық фильм, оның ішінде 157 толықметражды көркем фильм шығарған.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мәдениет саласындағы маңызды стратегиялық жобасы – ұлттық кино өндірісін дамыту. Ұлттық кинематограф тарихындағы жетістік - 2017 жылы Канн кинофестивалінде қазақстандық павильонның ашылуы болды. «Үздік әйел рөлі үшін» гран-при иеленген және кеңестік, посткеңестік және азиялық кеңістікте осындай жоғары марапатқа ие болған біздің отандасымыз Самал Еслямованың Канн фестиваліндегі жеңісі ерекше мақтаныш. «Өзен» («Река») фильмі үшін беделді 75-ші Венеция халықаралық кинофестивалінде қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Үздік режиссура үшін» сыйлығы 2018 жылдың маңызды оқиғасына айналды», - деді Әсел Серікпаева.

2019 жылы түсірілген «Композитор», «Томирис» және «Балуан Шолақ» фильмдері көптің көңілінен шықты.

«Композитор» фильмі - Лос-Анджелес кинофестивалінде 4 номинация бойынша жеңіске жеткен Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі отандық кинопрокатта «Жыл көшбасшысы» атанды. Фархад Шариповтың «Тұлғалық өсу тренингі» («Тренинг личностного роста») фильмі беделді жүлделер – Мәскеу халықаралық кинофестивалі мен «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің екі гран-при иегері атанды», - деді Мәдениет министрлігінің өкілі.

Айта кетерлігі, 2020 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған 25 фильм 55 халықаралық кинофестивальге қатысып, 30 сыйлыққа ие болған. 

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан