Қазақстанда 3 мыңнан астам жасөспірім полицияның есебінде тұр - Сәденов тың статистиканы жария етті
Олар спорт пен қоғамдық пайдалы істерге тартылып жатыр
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір елімізде 3 мыңнан астам жасөспірім полиция есебінде тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тәртібі қиын жасөспірімдер анықталып, бақылауға алынып жатыр. Қазір 3 мыңнан астам бала полиция есебінде тұр. Олармен тиісті жұмыс жүргізіп, спорт пен қоғамдық пайдалы істерге тартып жатырмыз. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар тарапынан мұндай балалардың тек 60 пайызы ғана қамтылған», – деді министр.
Сондай-ақ Ержан Сәденов мектептердегі қауіпсіздік шаралары күшейгенін айтты. Оның сөзінше, биыл 1517 білім беру нысаны тексеріліп, 345 нысанда кемшілік анықталған. Осы істерге байланысты 112 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Министр жазғы демалыс кезінде «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтетінін де хабарлады.
«Негізгі басымдық жасөспірімдер арасындағы құқық бұзудың алдын алу, есепте тұрған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыс, балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу, сондай-ақ оларға алкоголь және темекі өнімдерін сатудың алдын алуға бағытталған», – деді Ержан Сәденов.
Сонымен қатар, министр, өкінішке қарай, қазір балалар терезеден құлап, суға батып, жол апатына түсіп қаза болатын жайттар жиілеген. Сондықтан, қазір министрлік тарапынан алдын алу және түсіндіру жұмыстары күшейген.