СҚО-да ауыл мектебі Абай философиясы бойынша білім береді
Заманауи мектеп – дайын үлгіге негізделмеген, толығымен айрықша жаңа бастама
Қала және ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылықты азайту – бұл отандық білім беру саласындағы басты бағыттардың бірі. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстанда Қызылжар-Абай орта мектебі ашылған болатын. Заманауи білім ордасында 230 оқушы білім алып жүр. Мектептің оқу-тәрбие жүйесінде білім берудің инновациялық тәсілдері мен Абайдың педагогикалық идеялары ұштастырыла жүзеге асырылуда.
ЕСКІ МЕКТЕП ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНДІ
Петерфельд орта мектебінің ғимараты 1969 жылы салынған. «Bilim Foundation» қорымен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ол түбегейлі жаңарып, ауыл мектебінің жаңа моделі жасалды. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен нысан Қызылжар-Абай орта мектебі болып қайта құрылды. Балаларға берілетін білім мазмұнымен бірге мектептің ішкі көрінісі де адам танымастай өзгерді. Сәнді интерьер, жайлы сынып бөлмелері еріксіз оқуға деген құлшынысты оятады. «Қабырғалар оқытады» деген қағидаға сүйене отырып, интерьер және экстерьер дизайнын дайындау Қазақстанның ең үздік сәулетшілік бюросына тапсырылды. Ашық оқу алаңы, бастауыш сыныптардың интерактивті алаңы, релаксация кабинеті жабдықталды. Мектеп кітапханасы жаңа кітап қорымен – барлық пәндер бойынша оқулықтар, көркем әдебиет, ғылыми-көпшілік әдебиетпен толықты.
«Бұл – сараптаманың барлық түрінен өтіп, Қазақстанда қолдануға ұсынылған тұңғыш және әзірге жалғыз жоба. Бұл жоба – дайын үлгіге негізделмеген, толығымен айрықша жаңа бастама. Бастапқы идеясынан оны толығымен жүзеге асыруға ең үздік мамандар тартылды. Мектеп философиясы Абайдың «Толық адам» концепциясына сүйенеді. Баланың физикалық, зияткерлік және рухани үйлесімді дамуына мән бере отырып, Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген ұранын құндылықтар бастауы ретінде алмақшы. «Ыстық қайрат» бағытында оқушылардың денсаулығына, физикалық дамуына, әл-қуатының өсуіне жағдайлар жасалады. «Нұрлы ақыл» бағытында оқушылардың зияткерлік дамуына, терең білім алуына, дарындылықтың көзін ашып, дамытуға қажетті технологиялар іске қосылады», - дейді мектеп директоры Бауыржан Төленов.
ПЕДАГОГТАР АРНАЙЫ КУРСТАН ӨТТІ
Жоба авторларының пікірінше, заманауи мектеп тек балаларды оқытып қоймай, жастарды, ауылдың барлық тұрғындарын үйрету, заманауи өмірге икемдеу, қажетті дағдыларды дамыту орталығына айналуы тиіс.
«Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ Назарбаев Зияткерлік мектептерінде сынақтан өткен тәжірибені пайдаланады. Материалдық-техникалық жабдық – сапалы ғаламтор желісі, компьютерлер, үздік зертханалық кабинеттер болуы тиіс. Бүгінгі күні мектептің химия, физика, биология, информатика кабинеттері ең соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Оқушылар замануи сандық технологиялармен қамтамасыз етілген. Осындай мектепте оқушылар жүйелі әрі креативті ойлауға үйренеді.
Мектептің басты міндеті – білім беру. Сапалы білім беру үшін оқытудың мазмұны мен әдістері қайта қаралды. Педагогикалық ұжымға қолдау жасаудың, ынталандырудың жолдары қарастырылды. Мектепте 49 педагог еңбек етеді. Педагог мамандардың сапалық құрамын, кәсіби қажеттіліктерін, қиындықтары мен мүмкіндіктерін анықтау мақсатында бірнеше диагностикалық, сараптамалық шаралар өткізіліп, құнды мәліметтер дайындалды. Сонымен қатар біліктілікті арттыру шаралары да жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде барлық мұғалімдер жаңартылған білім мазмұны бойынша, критериалды бағалау бойынша курстан өтті.
МЕКТЕП – ДАМУ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ
Әдетте ірі елдімекендерге қарағанда шағын ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік, заңнамалық, психологиялық қызмет түрлері қолжетімді болмайды. Ауыл мектептері осы мәселені шешуге мұрындық болмақ.
«Мектеп балаларды оқытатын орын ғана емес, ауылдың бір жарым мың тұрғынын айналасында шоғырландыратын орын болуы тиіс. Іс жүзінде бұл тұрғындарға қызмет көрсету арқылы жүзеге асады. Бұл жерде психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Жексенбі күндері тұрғындар мектепте білікті мамандармен кездесіп, денсаулық мәселесін, жасөспірім психологиясы, отбасы құндылықтары, кәсіпкерлік пен бизнес мәселелерін талқылап, пайдалы кеңестер алады», - дейді «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорының басшысы Ерлан Айтмұхамбетов.
Петерфельд ауылының айналасында бірнеше шағын ауылдар орналасқан. Бұл ауылдардың мектептері күрделі жөндеуді талап етеді. Келешекте Қызылжар Абай орта мектебі осы ауылдар үшін де білім беру орталығы болмақшы. Ол үшін оқушылар тасымалы ұйымдастырылады. Интернат салу мәселесі де қарастырылуда.
Алдағы уақытта «Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ Петерфельд ауылының әлеуметтік-мәдени орталығына, ата-аналар қауымдастығын, ақсақалдар кеңесін, жастарды біріктіретін орынға айналмақ.
Жобаның тәжірибесі Қазақстанның басқа аймақтарында да тарату жоспарлануда. Сөйтіп, Қазақстанда тұңғыш рет жаңа форматтағы мектеп ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Басты идея – мектепті тек оқушылар үшін емес, ауылдың барлық тұрғындары үшін де оқыту және тәрбиелеу, дамыту орталығына айналдыру.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО