$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2021, 13:24
Мәдениет

«Грузия сияқты бүлдіріп алмайық». Қазақ киносының алтын қоры туралы ұлттық кино орталығының өкілі пікір білдірді

Кеңес Одағы заманында түсірілген қазақ киносының барлық түпнұсқасы Ресей мұрағаттарында жатыр

«Грузия сияқты бүлдіріп алмайық». Қазақ киносының алтын қоры туралы ұлттық кино орталығының өкілі пікір білдірді
Фото: ашық дереккөзден

Ресейдің қоймаларында сақтаулы тұрған  қазақ киносының алтын қорын елге әкелуге байланысты «Қазақстан ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» басшылары пікір білдірді. Кеңес Одағы заманында түсірілген қазақ киносының барлық түпнұсқасы Ресей мұрағаттарында шаң басып жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда бұл мәселемен ешкім айналысқан жоқ. Орталық енді оны елге әкелетін күн жетті деген ұстанымды қолдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Десе де кино саласына мемлекеттік қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор өкілдері бұл ауызбен айта салатын мәселе емес екенін еске салады. Ұлттық киноны қолдау оралығы басқарма басшысының Стратегиялық даму бойынша орынбасары Қанат Төребай киногерлер көтеріп отырған мәселені мемлекеттің бірінші басшылары деңгейінде шешу керек деп есептейді. Ол үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет.

Фотода Қанат Төребай

«Біз Майра Қарсақбаева, Олжас Сүлейменов және Тоқтар Қарсақбаев қол қойып, көтерген мәселені қолдаймыз. Біздің алтын қордағы фильмдер жатыр. Оны цифрлық форматқа көшіріп қайтару керек. Менің ойымша бөлек бір арнайы бағдарлама болуы керек. Кәдімгі басынан соңына дейін қаржыландырып, сол бағдарлама бойынша атқарылатын жұмыс бұл. Бірақ қанша қаражат керек екенін ешкім білмейді. Ол жұмыстарды Қазақстан аумағында ма, Ресейде ме әлде үшінші бір елге барып жасаймыз ба? Бұл да сол бағдарламада тәтпіштеп жазылуы керек. Бұған мемлекеттің де, министрліктің де шамасы келеді»,- дейді орталық өкілі.  

Сала маманы біздің алтын қор үлдірде жатыр, оны негатив, контратип дейміз. Олар «Белые столбы» деген архивте сақтаулы тұр. Мәселе сандық форматқа көшіріп, көшірмесін алу ғана емес, сол негативтерді өз елімізде сақтауды жеделдету керек.  Бірақ біздің мамандар оны сақтауға жағдай жасай алмаймыз деп жүрексінеді. Үлдір - өте нәзік материал, оны сақтау өте күрделі процесс. Ол тағы да ақшаға тіреліп тұрған мәселе. Бұл енді екі мемлекеттің жоғарғы билік эшелоны деңгейінде шешілуі керек, біздің парыз - осы пробелманы оқтын-оқтын көтеру, дейді Қазақстан ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басшысының орынбасары.

«Менің білетінім, Кеңес үкіметіне кірген бұрынғы республикалардың кейбірі бұл проблеманы өздігінше шешуге кірісті. Мысалы Грузия негативтерді Тбилисиге көшіргенде, сол керекті жағдайды жасай алмай, бүкіл  алтын қорын құртып алды. Бұл қателіктерді қайталамауымыз керек. Ал Украина өздеріне алып алды. Өзбекстан мен Қырғызстан да бұл проблеманы көтеріп жатыр. Олар әлі алған жоқ. Менің ойымша мұнда саяси мәселе жоқ, бұл Президент, Үкімет басшылары деңгейінде шешілуі керек. Менің білуімші салалық министрлікке цифрландыруға біршама ақша бөлінген. Бірақ нақты сомасын айта алмаймын»,- дейді Қанат Төребай.

Айта кету керек, бұл мәселені былтырдан бері қазақтың атақты режиссері, ұлттық кино мақтанышы Абдолла Қарсақбаевтың ұрпақтары көтеріп жүр. Режиссердің ұлы мен келіні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдаған. Тоқтар Қарсақбаев, Майра Қарсақбаеваны қолдаған ақын Олжас Сүлейменов жақында Елбасының атына хат жазды.

Қазір Ресейде «Алтын қорда» барлығы 50 шақты фильм және 150-дей өзге фильмдеріміз жатыр. Көрші мемлекет қазақ киноларын сандық форматқа көшіру үшін әрқайсысына 116 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы сұрап отыр.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының негізгі миссиясы – кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және отандық киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасау. Ол 2019 жылы 15 наурызда Үкімет қаулысымен құрылған болатын.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары