ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Қазақ КСР халық әртісі Нариман Қаражігітов дүниеден озды

 Нариман Нұрмұхамедұлы 87 жасында қайтыс болды

Қазақстанның халық артисі, опера өнерінің майталманы Нариман Нұрмұхамедұлы Қаражігітов дүниеден озды. Қаралы хабарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының баспасөз қызметі жеткізді.

«Нариман Нұрмұхамедұлы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер елдімекенінде 1934 жылы дүниеге келді. Оның өнерге және әнге деген құштарлығы бала кезден ерте оянған. 1958 жылы қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Жеке ән салу» бөліміне оқуға түсіп, бүгінде әншілердің атасы аталып кеткен Бекен Жылысбаевтың класына қабылданады. Ал 1965 жылы консерваторияны аяқтағаннан кейін Абай атындағы опера және балет театрының әншісі болып қабылданды. Содан бері оның өмірі, жан тылсымы сонымен біте қайнап келді. Өнер иесі лирика-драмалық тенорлы дауысымен сахналық қойылымдарда ерекше рөлдерді сомдап, көрермен көзайымына айналды. Нариман Қаражігітов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында біліп алып қана қоймай, біраз жылдар бойы қазіргі «Халық музыкасы» факультетінде ұстаздық қызмет атқарған», - делінген хабарламада.

Оның шәкірттерінің қатарында белгілі әншілер: ҚР халық артисі Ғафиз Есімов, ҚР Еңбек сіңірген артисі (марқұм) Бақытжан Ысқақов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Мұрат Құсайынов және басқа да көптеген өнер майталмандары бар.