$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.12.2020, 16:45
Мәдениет

Димашты сынға алған журналист әншіден қандай жағдайда кешірім сұрайтынын айтты

Перизат Мырзахмет желідегі жазбасына қатысты пікір білдірді

Димашты сынға алған журналист әншіден қандай жағдайда кешірім сұрайтынын айтты
фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Жақында «Привет, Андрей» тележобасына қатысқан әнші Димаш Құдайбергеннің қазақстандық продюсерді (Бағым Мұхитденова – авт.) күлкіге айналдырған ресейлік жұлдыздардың алдында Бағымды ақтап алмағаны отандық журналистің ашуын тудырды. Бағдарлама барысында сонау 2013 жылы Қазақстанда түсірілген «Саз әлемі» музыкалық жобасынан үзінді көрсетілді. Видеода белгілі қазақстандық музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова әншінің орындаушылық шеберлігіне қатысты ойын білдіріп, өнеріне қатысты біраз сын айтқан. Өз кезегінде бағдараламаға қатысқан ресейлік шоу-бизнес өкілдері продюсердің пікірін күлкіге айналдырып, «Бұл адамдар кімдер?» деп Димашпен әңгімені жалғады. Құдайбергенов бұл видеоның 7 жыл бұрын түсірілгенін және барлығын жоба талабына сай орындап, соңында қазылардан сөз естіп қалғанын айтты.

Дегенмен әншінің үнсіз қалуын журналист Перизат Мырзахмет патриоттыққа жатпайды деп бағалаған.

«Эх, Димаш... Сен Бағым мен Ринатта кеткен өкпеңді айтамын деп тұтас елді тізе бүктірдің ғой. Асүйде айтатын ренішіңді атасы басқа, мақсаты басқаның алдында жырлағаның қай сасқаның? Басков пен Лазарев, Малахов жаны ашып айтты деп арқаңның қышуы қанды ма? Әлі баласың, бала болған соң шаласың. Қытайдың төрінде «Самалтауды» айтқан баланың басы бар шығар деп сендім. Сөйтсем, сенген қойым кебек бергеннің үйіне қарап күйсеп жүр екен ғой. 40 жыл бұрын болған «Саз әлемі», өзің айтқандай 17 жасыңда болған ескі боқта Бағым Мұхитденова 100% дұрыс айтты. Дауыс қабілетің мен арзанқол ән екі жақта лағып жатты. Құлағы бардың бәрі естіді. Ол кезде сенде не тәжірибе, не сенім, не қолдау жоқ еді. Құдайдың берген талантына сеніп шығып едің сахнаға. Шикі едің. Рас, Ринат Зайытов езді. «Қатындауысты еркек» деп өзінің сексистік биігінен айтты. Онымызды қателік деп мойындадық. Сен әлі өкпелісің», - деп жазды Instagram желісінде Перизат Мырзахмет.

Димаш тыңдарман арасында дау тудырған жазбаға қатысты ойымен бөлісіп, бағдарламаның кей тұстары кесілгенін мәлімдеді.

«Қымбатты достар, кешегі эфирді көрген боларсыздар. Бағдарламада өте маңызды эпизод болды, бірақ ол эфирге шықпады. «Мен өз еліммен мақтанамын және барлық жерлестерімді жақсы көремін» дедім. 2013 жылғы видео туралы айтар болсам, достар, шынымды айтсам, мен бұл видеоны қайтадан көремін деп ойлағаным жоқ. Менің ол жағдайды ұмытып кеткеніме біраз болды. Мені әлі күнге дейін біреуге өкіпелі деп ойламаңыздар. Сол кеште менің отандастарымды қорғау үшін айтқан сөздерім, өкінішке қарай, эфирге шықпады» – деп жазды әнші желіде.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен жағдайдан кейін пост авторына жазбаны өшіру жөнінде хабарлама түскен екен.

«Димаш ол бағдарламада ештеңе айтқан жоқ. Ол тек тыңдап отырды. Үстелдің басында жалғыз қазақ отыр. Ал қалғандары қазақтарды жамандап отырды «Кто она такая?» (Бағым Мұхитденова туралы – авт.) деп. Димаш кеше «Мен қарсылық таныттым, мен ақтадым, оның видеосын кесіп тастады» деп. Малахов егер шын мәнінде оған жаны ашитын болса, сол видеоны көрсетсін, сол кезде мен кешірім сұрауға дайынмын», - деді Перизат Мырзахмет.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары