Жұлдыз Әбдікәрімова ресми түрде «Әлем ханымы» тәжін киді
Жұлдыз жеңісіне күйеуі Қайрат Нұртастың қатысы бар дегендерге де жауап берді
Бүгін елордада Жұлдыз Әбдікәрімова «Әлем ханымы-2020» конкурсының жеңімпазы ретінде салтанатты түрде тәжін киіп, лентасын тақты. Жұлдыздың 2020 жылғы жеңімпаз атанғаны туралы ресми мәлімет «Әлем ханымы» сайтында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhу тілшісі.
Осыған орай, Жұлдыз конкурс қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, жеңісті «сатып алды» деп сынаушыларға жауап берді.
Халықаралық конкурстың тәжін Жұлдызға журналист, аталған байқаудың Қазақстандағы ресми өкілі Арай Әлімхан табыстады. «Әлем ханымы» атағын алғалы сынның астында қалған актриса жеңісті енді сезініп жатқанын айтты.
«Жанымдағы қыздардың бәрі осы уақытқа дейін «Қандай сезімдесің?» деп сұрап жатыр. Шыны керек, мен осы уақытқа дейін толқып жүрдім. Сезінбедім. Басымда ол кезде тәж болмады. Жалпы, «Әлем ханымы» деген атақ алғандарды сахнада көріп жатамыз. Ресми түрде табыстаған соң шын сезіндім», - деді Жұлдыз Абдукаримова.
Жұлдыз жеңісіне күйеуі Қайрат Нұртастың қатысы бар дегендерге де жауап берді.
«Әлем ханымы» байқауына тек баласы бар әйелдер қатыса алады. Ал Қайрат болмаса, аталған конкурсқа қатыса алмайтын едім. Себебі, Қайрат – балаларымның әкесі (күліп). Дауыс берген халық, халықтың еңбегін ел ішіндегі кей хейтерлер жоққа шығарып жатқаны өкінішті. Біз әлем алдында Қазақстанның жеңіске жетуімен тартыс аяқталды деп ойлаған едік, бірақ өз ішімізде жеңіске қалай жеткенімізді талқыға салып, дәлелдеуге тура келеді деп ойламадым», - деп ағынан жарылды ол.
Конкурс нәтижесі шыққаннан кейін қазақстандықтар бұл не конкурс екенін сұрап, күмән келтіргендер де болған. Ал «Әлем ханымы» конкурсының Қазақстандағы ресми өкілі, журналист Арай Әлімхан бұған қатысты пікір білдіріп, сайыстың ресми өкілі екенін мәлім етті. Ал желіде тағы бір жеңімпаз ретінде фотосы тараған ресейлік дәрігер мүлдем басқа конкурстың қатысушысы болып шықты.
Еске салсақ, 25 желтоқсан Жұлдыз Әбдікәрімова «Әлем ханымы-2020» титулын жеңіп алды. Дауыс беру байқаудың ресми сайтында 1-24 желтоқсан аралығында өтті. Байқауда Жұлдыздан бөлек, 32 жастағы қазақстандық Аяна Сұлтанбекова да бақ сынады.