«Үркер» сыйлығына өтінімдерді қабылдау мерзімі ұзартылды
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 13 қараша күні онлайн-форматта өтеді
Қатысушылардың көптеген өтініштері бойынша «Үркер-2020» ұлттық сыйлығына өтінімдерді қабылдау мерзімі 2020 жылғы 5 қараша күнгі сағат 18:00-ге дейін ұзартылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктерді бағалау үшін және журналистиканың беделін арттыруға, кәсіби стандарттарды бекітуге бағытталған.
«Конкурстық жұмыстарға қойылатын талаптар: - жұмыстар 2019 жылғы 01 қаңтар мен 2020 жылғы 01 қараша аралығында жариялануы тиіс; - жұмыстар баспа басылымында, интернет-ресурста жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс», - делінген хабарламада.
«Үркер-2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн-форматта 2020 жылғы 13 қарашада өтеді. Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның үздік өкіліне жеңімпаз атағы беріліп, «Үркер» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табыс етіледі.