$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.11.2020, 12:29
Мәдениет

Қазақ тіліне қайта аударылған «Құтты білік» кітабы түріктердің қаржыландыруымен басылып шықпақ

Жүсіп Баласағұн еңбектерінің 92%-ы ел басқаруға арналған

Қазақ тіліне қайта аударылған «Құтты білік» кітабы түріктердің қаржыландыруымен басылып шықпақ
stevenandrewmartin.com

Күллі түркі жұртына ортақ ғұлама ойшыл, ақын, ғалым, саясаткер Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік» кітабын жас ғалым Бекарыс Нұриман ана тілімізде қайта аударып шықты. 200 беттік кітаптың қанша тиражбен таратылатыны әзірге белгісіз. Баспадан «Құтты билік» атауымен шығатын кітаптың алғашқы нұсқасымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танысқан.

Жас ғалым осыдан 10 ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ жерінде өмір сүрген ғұламаның еңбектері өз деңгейіне насихатталып жатқан жоқ деп санайды. Жұрттың түсінігінде «Құтадғу білік» орта ғасырдағы философиялық еңбек деп қана бағаланады. Шындығында, әлемнің бірнеше тіліне аударылған кітапта негізінен, ел басқаруға бағытталған жазбалар басым. Алайда, кеңестік идеология, көшпенділерде мемлекет басқару институты қалыптасқанын жоққа шығару мақсатында оны теріс насихаттаған.

«Бұл кітап бастан-аяқ ел басқаруға бағытталған. Ағылшындарда бұл кітапты «Ханзадалар айнасы» (The mirror of princes) деп аударды. Кеңес кезінде бұл еңбекті діни уағызға, философиялық ақыл-кеңеске негізделген насихат жанрындағы кітап деп келдік. Шындығында, бастан-аяқ ел басқаруға арналған, басшылықтағы әр саланы нақтылап көрсетіп берген еңбек. Осыдан бір мың жыл бұрынғы мемлекеттің құрылымы туралы айтады. Егер бұл кітапты Кеңес Одағы кезінде тура мағынасында айтса, онда біздің даламызда 10 ғасыр бұрын мемлекет болғанын, басқару жүйесі қалыптасқанын мойындауға тура келетін еді. Орыс ғалымдары мұның ел басқаруға арналған кітап екенін білді де, өзара даудан кейін философиялық нұсқасын шығарды. Билік атауынан қашты да, даналыққа негіздеді. Әлі күнге дейін біздің ойымызда даналық кітабы ретінде қалыптасқан», - дейді ғалым.

Былтыр жастар арасында ел басқарудағы кадр резервіне таңдау жүргізілді. «Президенттік жастар кадр резервіне» 13 мыңнан астам жас өтініш тапсырып, соның 300-і іріктеуден өткен. Бұл идеяның түбінде де тарих сабақтастығы жатыр деп санайды баласағұнтанушы ғалым. Білімді жастарды билікке ел арасынан таңдау түсінігі осыдан он ғасыр бұрын Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында жазылып қойған. Көне Тараздың маңындағы бір ауылда туып, ханның кеңесшісі дәрежесіне дейін көтерілген Жүсіп ақын оны мың жыл бұрын бүге-шігесіне дейін айтып кеткен. Ол мемлекет басқарудың қыр-сырын, кадр жасақтаудың озық үлгісін, мемлекетті демократиялық басқарудың моделін зерттеп тастаған. Жазып қана қоймай, Қарахан қағанының қасында жүріп ойларын іс жүзінде де дәлелдеген.

«Шығармада Қарахан билеушісі Бұғра қағанның прототипі «Күнтуды Еліг» деп беріліп, ол жан-жақты суреттеледі. Сонда қағанның өзіне көмекші, қызметкер іздеген сәті былай көрініс табады: «Мемлекеттің барлық ісін бір өзім атқара алмаймын, жаныма істің ретін білетін таңдаулы, ақылды, білімді, озық ойлы, елге жаны ашитын, әділ, шыншыл, мінезі дұрыс және сөзі мен көңілі түзу ерлер керек» (422-424 бәйіттер). Мұндай ой шығармада Күнтуды қаған мен Бас уәзірі Өгдүлміштің мемлекетті одан ары жақсарту және ел басқаруды жетілдіру туралы сұхбаттасып отырған сәтінде жиі айтылады. Мұның астарында үлкен мән, үлкен саясат жатыр. Былтырғы «Президенттік жастар кадр резервіне» мықты мамандарды таңдауы да – тарих сабақтастығы. «Құтадғу білік» кітабының 92%-ы тікелей билікке, 8%-ы даналыққа қатысты жазылған», - деді PhD докторы Бекарыс Нұриман.

Ғалымның сөзінше, Жүсіп Баласағұнның еңбегі жаппай насихатталып жатыр деуге келмейді. Бұрынғы қалыптасқан көзқарастан арылып, жазбаларын жете түсіну үшін кең көлемде зерттеу жүргізіліп, еркін насихатталу қажет. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның еңбегін алдымен билік адамдарының білгені лазым. Ғалым мемлекеттік қызметкерлерді дайындауда Жүсіп Баласағұнның еңбегін, яғни төл мұрамызды оқытудың әлі ескерілмей жатқанын айтады.   

«Ол «Мемлекетке қандай қызметкерді алу керек?» деген сұраққа да жете тоқталған. Қызметкердің лауазымды төменнен бастау керек екенін айтып, тұлғаның қандай қызметке лайық екеніне, әкімшілік басқару тобына алынатын тұлғаның тегіне де аса мән берген. Жеке басының ұстанымын қоғамның, елдің мүддесінен жоғары қоймау, ел алдындағы қызмет пен адалдық, мансапқа мастанбау керек екені Баласағұн трактаттарында молынан жазылған.  Түркияда құқықтану саласында «Саясатнама» деген еңбек бар, ол  «Құтадғу біліктен» кейін жазылған, соны оқытады. Түркі халықтарының төл мұрасы бізде оқытылмай жатыр. Ж. Баласағұн мемлекет қызметіне отбасында тәрбие көрген, мінез-құлқы жақсы, сыпайы, сұғанақтығы мен өтірік сөзі жоқ, әділ, шыншыл, әдепті, ізгі адамдарды таңдауды ерекше тапсырады. Өйткені «Ізгі адамнан әрқашан ізгілік келеді. Әлем халқы одан тек жақсылық көреді (878-бәйіт)» дейді. Ал дөрекі, тәрбие көрмеген, өтірікші, зұлым адамдар мемлекеттің іргесін ыдыратады», - деп жазылған деді ғұламаның кітабын қайта аударған Б. Нұриман.

Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы араб графикасымен жазылған Баласағұнның еңбегін қазақша үш жылдан артық зерттеп, тәржімалап шыққан. Ана тілімізде сөйлеген Баласағұнның еңбектері баспадан Түркияның қаражаты арқылы жарық көрмек.

«Пандемия кезінде Президентіміз өзінің оқып жатқан кітаптарын көрсетті. Сол оқып жатқан кітаптарынының бірі Жүсіп Баласағұнның еңбегі туралы менің аудармам еді. Баспадан алдын ала шығарылған бір ғана кітап болатын. «Құтадғу білік» кітабының толық нұсқасын емес, таңдамалы бәйіттерін аударып, «Құтты билік» деп шығармақшымын. Жуырда баспадан шығады», - деді ғалым.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары