$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.08.2020, 09:57
Мәдениет

Қазақстан шетелдік киноинвесторларды $850 000 міндетті төлемнен босатпақ

Жаңа тұжырымдаманы қоғамдық талқылау мерзімі 15 шілдеде аяқталған

Қазақстан шетелдік киноинвесторларды $850 000 міндетті төлемнен босатпақ

Елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тұжырымдама қаралып жатыр. Ол бұған дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған болатын.

Тұжырымдаманы әзірлеген Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы киноны дамытуға серпін береді деген мақсатпен, заңға бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.

Өңірлік кинокомиссиялар не үшін құрылмақ және олардың міндеті қандай болады

Мәдениет және спорт министрлігінің заң жобасына қосқан өзгерістерінің бірі – еліміздің кино саласына шетелдік тәжірибені енгізу. Ол үшін министрлік «Өңірлік кинокомиссиялар» атты ұйым құруды ұсынып отыр. Алайда, «Кинематография туралы» заңның қолданыстағы редакциясында кинокомиссиялардың қызметі қарастырылмаған.

Әлемдік практикадағы кинокомиссияны мысалға алған Мәдениет министрлігі өңірлік комиссия жергілікті атқарушы органдар жанындағы коммерциялық емес ұйым болады деп отыр. Оның мақсаты – тиісті аумақта кәсіби киноөндіріс үшін жағдай жасау, басқа өңірлер мен елдерден киноөндірушілер атынан инвесторлар тарту.

«Осыған байланысты, Қазақстандағы кинокомиссиялардың қызметін ұйымдастыру – отандық киноиндустрияны дамытудың негізгі міндеттерінің бірі болмақ. Бүкіл әлемде кинокомиссия мемлекеттің тікелей қолдауымен құрылып, жұмыс істейді. Осы жүйені енгізу қазақстандық кино саласының ішкі өсуін де, оның халықаралық нарыққа шығуын да жеделдетеді. Түсірілім топтарына арналған киноөндіріс процесі барынша ыңғайлы болуы тиіс, сондықтан кинокомиссия өңірлік билік пен кинокомпаниялар арасында модератор болады, ал олардың өзара іс-қимылы «бір терезе» қызметі қағидасы бойынша қамтамасыз етіледі, бұл кезде кинокомиссия киноөндірушіден түсірілім жасауға өтінім қабылдап, одан ары барлық қажетті келісулерді жүзеге асырады», - деп жазылған заң жобасының тұжырымдамасында.

Шетелдік режиссерлер 850 000$ міндетті инвестициядан босатылады

Тұжырымдамада Қазақстан «әлемдік кинобизнесте аз танымал және өз аумағында халықаралық киножобаларды іске асыруда табысты тәжірибесі жоқ ел» ретінде сипатталып отыр. Заң жобасын әзірлеген Мәдениет министрлігінің сарапшылары жағдайды түзету үшін, яғни, елімізге шетелдік режиссерлерді тарту үшін киноға салынатын инвестицияның ең шекті көлемін азайтуды, тіпті, оны жойып, шетелдік режиссерлерге субсидия беруді ұсынып отыр.

«ҚР «Кинематография туралы» заңының 15-бабының қолданыстағы редакциясына, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен кинематография саласындағы субсидияларды төлеу ережелері мен шарттарына сәйкес, инвестордың ең аз үлесі кемінде 130 000 АЕК, яғни, 850 000$ құрауы тиіс, бұл әлемдік кинобизнесте аз танымал және өз аумағында халықаралық киножобаларды іске асыруда табысты тәжірибесі жоқ ел үшін аса жоғары планка», - деп жазылған тұжырымдамада.

Мәдениет министрлігі көптеген табысты елдерде көркем фильмдер бойынша бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен екенін, мәселен, Грузияда – $250 000, Біріккен Араб Әмірліктерінде – $200 000, Францияда – 250 000 еуро, Мальта және Грекия елдерінде  – 100 000 еуро, Хорватияда 250 000 еуро екенін жазады.

Сондықтан, осы заң жобасы арқылы Мәдениет министрлігі «Кинематография туралы» ҚР заңының 15-бабының редакциясында инвестициялардың нақты ең төменгі ставкасын көрсетуді алып тастамақ. Кейін оны (инвестицияны) ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 206 бұйрығымен бекітілген кинематография саласындағы субсидияларды төлеу ережелері мен шарттарына енгізіп көрсетуді көздеп отыр.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары