$ 489.39  567.99  6.19
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil ауқымды гастрольдік сапармен Қазақстанға келеді

Бұл цирк қойылымдарда жануарларды қатыстырмау қағидатын ұстанып, оның орнына жарқын театрландырылған шоуларымен танымал

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil ауқымды гастрольдік сапармен Қазақстанға келеді
Фото: cirquedusoleil.com

Әлемге белгілі Cirque du Soleil араға тоғыз жыл салып Қазақстанға қайта оралып, елдің екі ірі қаласында ауқымды гастрольдік сапар өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана мен Алматы қалаларында жеті-жетіден қойылым жоспарланған, оның ішінде демалыс күндері күндізгі сеанстар да бар. Өнер көрсетілімдері елордадағы «Барыс Аренада» 4–7 маусым аралығында, кейін 11–15 маусым күндері «Алматы Аренада» өтеді.

Бұл гастрольдер EXPO-2017 көрмесіндегі өнер көрсетілімінен кейін Cirque du Soleil-дің Орталық Азияға жасаған алғашқы ресми сапары болмақ.

Фантастикалық OVO шоуы көрермендерді жәндіктер өмірінің сан қырлы, бояуы қанық әлеміне жетелейді. Акробаттар батуттар үстінде биікке қалықтаған шегірткелерге айналса, өрмекшілер тор ішінде әсем қалықтайды, ал қоңыздар аса күрделі трюктерді орындайды.

Қойылымның премьерасы 2009 жылы Монреаль қаласында өткен. Содан бері OVO 40 елді аралап, 10 миллионнан астам көрермен жинады. 2024 жылға қарай спектакль ауқымды жаңартудан өтті: сахналық көріністері, жарық шешімдері, проекциялар, музыкалық сүйемелдеу мен костюмдер өзгертілді.

Еске сала кетейік, Cirque du Soleil 1984 жылы Канадада құрылған және акробатиканы театр және музыкамен ұштастырып, цирк өнеріне жаңа серпін берді. Оның ерекшелігі — жануарларды қолданудан түбегейлі бас тартып, адамның мүмкіндіктеріне негізделген ауқымды театрландырылған шоуларға басымдық беруінде.

Тірі музыканың сүйемелдеуімен орындалатын күрделі акробатикалық нөмірлер, жоғары технологиялы арнайы эффектілер, қиялға толы декорациялар мен әртістердің ерекше костюмдері көрерменді қойылым барысында өзгеше атмосфераға жетелейді.