Астана мектебінде Смағұл Сәдуақасұлының бюсті ашылды
Ағартушы, публицист Смағұл Сәдуақасұлы 125 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті
Астанадағы №78 мектеп-гимназиясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, публицист Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында оның бюсті ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тастұғырды филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы және заңгер, қоғам қайраткері Сабыр Қасымов ашып, ағартушының есімі мен еңбегіне құрмет көрсетті.
«Бүгін біз Алаш қайраткерлерінің ұлы жолын еске алып, Смағұл Сәдуақасұлының еңбегін құрметтеуге жиналдық. Смағұл Сәдуақасұлы – қазақ зиялыларының арасындағы дара тұлға. Ол елінің болашағы үшін, жастардың білімге құштарлығын ояту үшін көп еңбек етті. Кеңестік кезеңде де қазақ зиялыларының бітпей қалған жобаларын жүзеге асырып, Алаш идеясын жалғастырды. Бүгінгі конференция өтіп отырған №78 мектеп-гимназиясын біз Смағұлтанудың практикалық ғылыми ошағы деп санаймыз, әр оқушы Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен еңбегін танып, елге, білімге және рухани құндылыққа құрмет сезімін бойына сіңіреді», - деді филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы.

Өз кезегінде қоғам қайраткері, заңгер Сабыр Қасымов ағартушы Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен еңбегі жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
«Смағұл Сәдуақасұлы халқының болашағы үшін күрескен, адалдық пен әділдікті биік қойып, еліне қызмет еткен тұлға. Бүгін біз оның бюстін ашып, есімін мәңгі есте қалдыру арқылы жастарға оның өмір жолын үлгі етеміз. Желтоқсан айы – қазақ тарихында тағдырлы ай. 12 желтоқсанда қазақ съезі қазақ ұлттық мемлекетін жариялады, Алашорда үкіметі құрылды. 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін алды. Сол тарихқа Смағұл Сәдуақасұлының еңбегі мен рухани үлесі де қосылды. Біз бұл конференция арқылы жастарға ұлттық тарихты, батылдық пен білімге деген сүйіспеншілікті насихаттаймыз» - деді ол.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Астана қаласы Білім басқармасы және Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – заманауи білім берудегі басқарудың жаңа модельдерін талқылау, Смағұл Сәдуақасұлының еңбектеріндегі Алаш ұлттық идеясын насихаттау, жүйелі зерттеулердің тиімділігін оқу үдерісінде қолдану және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен рухани және мәдени тұтастық идеясын ашу болды.
Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, орта білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары, тарих пәні мұғалімдері және жас ғалымдар қатысты.

«Біздің мектепте «Смағұлтану» арнайы курстары енгізілген. Бастауыш сыныптардан сегізінші сыныпқа дейін оқушылар Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен еңбегін, тәлімін, рухани құндылықтарын үйренеді. Жастарды өз Отанын сүйетін , білімге құштар азамат етіп тәрбиелеуге ұмтылып отырмыз. Конференция Смағұл Сәдуақасұлының мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарға негізделген заманауи білім беру жолдарын қалыптастыру бағытында ұйымдастырылып отыр», - деді №78 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Ғалия Асанқызы.
Жиын аяғында Смағұл Сәдуақасұлының ағартушылық идеяларының қазіргі білім беру жүйесімен үндестігі талқыланып, ұлттық құндылықтарға негізделген білім берудің өзекті бағыттары ұсынылды. Қатысушылар заманауи мектепте ұлттық-рухани құндылықтарды оқыту әдістері, цифрлық білім беру мүмкіндіктері және педагогтердің кәсіби дайындығын күшейту жолдары жөнінде тәжірибе алмасты.