$ 508.2  589.82  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мажарстанда оқитын қазақстандық студенттер қауымдастық құрды

Жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 30-дан астам қазақстандық студент елшімен кездесті 

Мажарстанда оқитын қазақстандық студенттер қауымдастық құрды
Фото: Қазақстанның Мажарстандағы елшілігі

Мажарстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 30-дан астам қазақстандық студент Лакителек Халық университетінде ұйымдастырылған арнайы кездесуге қатысты. Шараға ELTE, Corvinus, Debrecen, BUEB және Pecs университеттерінің студенттері келді. Кездесуге Қазақстанның Мажарстандағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, сондай-ақ Лакителек Халық университетінің профессоры әрі Мажарстан парламентінің вице-спикері Шандор Лежак қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан мәдениеті мен ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытатын мажарлық азаматтар да шақырылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастармен байланысты нығайтып, олардың отансүйгіштік рухын көтеріп мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ұйымдастырылған шарада елші Абзал Сапарбекұлының қазақ-мажар стратегиялық серіктестігі туралы дәрісі тыңдалды, студенттер Қазақстан туралы әзірлеген баяндамаларын ұсынды. Сонымен қатар асық ату және тоғызқұмалақ ойындары бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.

«Мажарстанда оқитын қазақстандық студенттерді біріктіру үшін «Quryltai Hu» қауымдастығын құрдық. Ай сайын мәдени-білім шараларын өткіземіз. Сондай-ақ Еуропаның 11 еліндегі қазақстандық студенттік ұйымдарды біріктіретін Qazaq Society қауымдастығының мүшесіміз. Мақсатымыз – бірлікті нығайту және байланыстарды кеңейту», - деді ELTE университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті Тәуекел Шадияр.

Corvinus университетінің «Бизнес әкімшілігі және менеджмент» мамандығының 4-курс студенті Елнара Исрайл шалғайдағы қазақстандық студенттердің бірлігі туралы айтты.

«Біз студенттер жиі бас қосамыз. Елшілік ұйымдастыратын және өзіміз өткізетін іс-шараларға белсенді қатысамыз. Мерекелерде жиналып, ет асамыз, тек қазақша сөйлесеміз. Осындай басқосулар өз елімізге деген патриоттығымызды күшейте түседі. Қазақстаным - жүрегімде», - деді ол.

Кездесу аясында «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыров Мажарстандағы «Барыс» мажар-қазақ қоғамы мен «Мажар-Қазақ» мәдени ұйымдарының жетекшілерімен және белсенділерімен жүздесті. Жиын соңында қазақ ұйымдарына «Қоржын» жобасы аясында домбыралар мен ұлттық киімдер табысталды.

Серіктес жаңалықтары