«Ұрықтарыңды сапалы етіңдер»: танымал журналист бойдақтарға ақыл айтты
Журналист жастарға денсаулығын күту туралы кеңес берді

Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы бойдақ қыз-жігіттерге ақыл-кеңесін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ой бөлісті.
«Бойдақ жігіттер, басы бос қыздар! Үйленбес бұрын, бірінші кезекте «тұқымды» ойлаңдар. Қыздар, сұңғақ бойлы, сымбатты, ірі әрі отбасы, бала-шаға алдындағы жауапкершілікті түсінетін, саналы жігіттерге тұрмысқа шығыңдар. Ал жігіттер, ақылына көркі сай, ер қадірін білетін, ағайын-туыс пен ел қадірін түсінетін қызға үйленіңдер», - деп жазды.
Оның айтуынша, махаббат деген тек нәпсіге байланып қалмай, сыйластық пен түсіністікке негізделуі тиіс. Қазақ ұрпағын рухани да, физикалық тұрғыдан да ірі етіп қалыптастыру жастардың қолында екенін ол ерекше атап өтті.
Сәуле Әбілдаханқызы өз сөзінде денсаулық мәселесіне де назар аударып өтті.
«Бала жасамас бұрын 2-3 ай бойы ағзаларыңды тазалап, дұрыс тамақтанып, арақ, темекі, горилла-пәриллә деген бәлелерді қойып, ұрықтарыңды сапалы деңгейге көтеріңдер. Әйтпесе сендердің жауапсыздықтарыңның зардабын өмір бойы өздерің де, ұрпағың да, ұлт та тартатын болады. Қазір аутизм, дцп т.с.с. небір ауру түрлері көбейіп, кең жайылып жатыр, ойланыңдар», - деп ескерту жасады.
Ол сөзін жалғай отырып, ата-ананың разылығына да тоқталып шықты.
«Гректерде «Әйелді және сиырды өз ауылыңнан ал» деген нақыл бар. Ата-анаң «болмайды» десе, тыңдау керек. Үлкендер өмір көрген, адам танитын жандар. Олар екі әулеттің сыйластығын, туыстық қарым-қатынасты бірден байқай алады. Ата-ана қабылдамаған, ақ батасын бермеген некеден қиындық тууы мүмкін. Ал үлкендердің өзара сыйластығы болса, ұл мен қыздың бақытты болуы да соған байланысты, - деп жазды.