«Бізде кәрілік деген жоқ»: Ботаникалық бақта 200 зейнеткер марафон өткізді
63 жастағы зейнеткер марафонды жеңіп шықты

Ботаникалық саябақта Қарттар күніне орай «Әр қадам ұзақ ғұмырға жетелейді» атты тақырыпта скандинавиялық серуеннен марафон өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен өтіп, марафонға Астанада тұратын 200 зейнеткер қатысты.
«Бізде кәрілік деген жоқ. Заманымызға қарай аман-сау болып, халыққа өзіміздің шамамыз келгенше қызметімізді көрсету мәселесін ойлаймыз. Біздің орталықтарға күніне 3500-ден астам адам келеді. Оларға қоятын мақсатымыз - әдемі қартаю. Елордамыз уақыт өткен сайын көркейіп жатыр, сол секілді біз де әдемі болып, денсаулығымызды күту. Денсаулығын күтуге үйрету. Олар тек спортпен шұғылданумен шектелмейді. Сондай-ақ зейнеткерлер орталықта тіл үйренеді, ән-би үйірмелеріне барады», – деді белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.
Марафонның мақсаты – белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы зейнеткерлер өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға және әдемі қартаюға шақыру.
Марафонның шарты бойынша ер адамдар 3,4 км, ал әйел адамдар 1,7 км арақашықтықты скандинавиялық таяқшалардың көмегімен жүріп өту керек еді. Марафонда 63 жастағы Назыгүл Тұңғышбаева бірінші болып мәре сызығына келді.