Әншінің мәлімдемесі желіде қызу талқыланды
Отандық танымал әнші Ұланғасыр Қамиев көпшілікке бұрыннан таныс ана туралы әнін не себепті орындамай кеткенін түсіндірді. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұланғасырдың айтуынша, мәселе авторлық құқыққа қатысты келіспеушіліктен туған. Ән авторымен араздасып қалғаннан кейін, ол бұл әнді айтпау туралы шешім қабылдаған.
«Ана туралы ән бар еді. Кейін концертте әннің авторын айтпай кеткенмін. Жазылып тұр ғой. Сол үшін ренжіген болу керек. Дөрекі сөз айтыпты деп естідім. Мен де «әнің өзіңе» деп, қайтарып бердім. Бетіне былш еткіздім. Содан кейін бұл әнді айтпай кеттім», – деді әнші.
Ұланғасыр Қамиев сұхбат барысында патриоттық әндерге қызығушылық төмендегенін де айтты. Оның айтуынша, өзі жазған «Жалғызым қазақ» әні алғашында ешкімнің назарын аудармаған.
«Бұл ән үш жыл бұрын шықты. Бірақ бір жыл бойы мүлде тыңдалмай жатты. Халық TikTok-та тыңдай бастаған соң ғана кеңінен тарала бастады. Нақтырақ айтқанда, су тасқыны кезінде танымал болды», — деді ол.
Ұланғасыр Қамиев сұхбатта жеке өміріне қатысты қызықты жайттармен де бөлісті. Атап айтқанда, туған ағасы Айдардың концертке кенеттен келіп, тосынсый жасағанын айтты.
«Ағам келмеймін деп айтқан. Бірақ концерт кезінде сахнаға шығып, тосынсый жасады. Осылайша шоу жасап кетті», – деді әнші күліп.
Ұланғасыр Қамиев — айтыскер, ақын әрі эстрада әншісі. Бұған дейін продюсер Баян Мақсатқызы әнші Ұланғасыр Қамиге діни алауыздық тудырғаны үшін ескерту жасаған еді. Айта кетсек, Қостанай тұрғыны Саида Сисембаева ІІМ-ге әнші Ұланғасыр Қамдің үстінен арыз жазды. Әнші Ұланғасыр Қамиев әлеуметтік желіде хиджаб кимеген әйелдерді күйеулері өлтіреді деген мәлімдемесінен кейін сынның астында қалды.