«Әдейі таңдадым»: Димаш Құдайберген желідегі сынға алғаш рет жауап берді
Әнші «Aqerke» бейнебаянына қатысты айтылған сындарға пікір білдіріп, неге дәл осындай музыкалық бағытты таңдағанын түсіндірді
Белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Aqerke» әніне түсірілген жаңа бейнебаяннан кейін жанкүйерлері мен сын айтушыларға үндеу жасады. Өнер иесі әлеуметтік желідегі пікірлерге жауап беріп, шығармашылық ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде талқылауға 31 шілдеде жарық көрген «Aqerke» әнінің бейнебаяны себеп болды. Жанкүйерлердің басым бөлігі жаңа туындыны жылы қабылдағанымен, кейбір қолданушылар әншіге сын айтты.
Пікірлерде Димашқа «жақсы продюсердің жоқтығы», өз әндерінің аздығы, сондай-ақ опералық және классикалық вокалды шамадан тыс қолданатыны жөнінде ескертулер айтылды.
Әнші көп күттірмей Instagram парақшасында бейнеүндеу жариялап, қолдау білдіргендерге де, шынайы пікірін айтқан сыншыларға да алғыс білдірді. Ол барлық сын-ескертулерге егжей-тегжейлі жауап берді. Айтуынша, жаңа өңдеумен ұсынылған халық әні «Aqerke» қазақ мәдениеті мен әлемдік аудитория арасындағы көпір болсын деген ниетпен дайындалған.
«Жаңа ғана жарық көрген "Aqerke" әнінің бейнебаянының астына жазған пікірлеріңізді мұқият оқып шықтым. Қолдауларыңыз үшін де, шын жүректен айтқан сындарыңыз үшін де алғыс айтамын. Бұл жұмыс мен үшін ерекше. Мен заманауи стиль элементтері үйлескен музыканы әдейі таңдадым. Халық әнін өзгертуді мақсат еткен жоқпын. Керісінше, оны заманауи үлгіде орындап, әртүрлі елдегі тыңдармандарыма жақын әрі түсінікті еткім келді», – деді өнер иесі.
Өз әндерінің аздығы және опералық музыкаға жақын екені жөніндегі сындарға жауап берген Димаш сахнадағы он жыл ішінде классикадан бастап рэпке дейін түрлі жанрда өнер көрсеткенін еске салды.
«Менің репертуарымның негізін өзімнің авторлық әндерім немесе өзім продюсерлік еткен шығармалар құрайды. Осы он жыл ішінде олардың бірқатары шетелдік тыңдармандар арасында танымал болып, халықаралық чарттарға енді және өз бағасын алды. Мен үшін ең үлкен марапат – әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың менімен бірге қазақ тіліндегі әндерді айтуы», – деп атап өтті әнші.
Димаш Азия, Еуропа және Америкадағы көрермендерді қазақтың дәстүрлі және заманауи музыкасымен таныстыруды өзі үшін үлкен мәртебе санайтынын айтты. Сондай-ақ ол ешқашан «бір күндік хиттерді» мақсат етпегенін, оның орнына әрбір туындысына жанын салып, барынша кәсіби деңгейде жасауға ұмтылатынын жеткізді.