Димаш Құдайберген «AQERKE» әнінің жаңа нұсқасына түсірілген бейнебаянды таныстырды
Жаңа туындыда халық әнінің дәстүрлі әуені заманауи аранжировкамен үндескен
Димаш Құдайберген «AQERKE» халық әнінің жаңа нұсқасын өзінің YouTube арнасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әнші бұл жобаға музыкалық продюсер ретінде қатысқан.
Жоба авторлары халық әнінің дәстүрлі әуенін сақтай отырып, оны заманауи аранжировкамен толықтырған. Әнге қазақтың әйгілі әншісі әрі композиторы Ғарифолла Құрманғалиевтің мұрағаттағы дауысы енгізіліп, туындыға ерекше атмосфера сыйлаған. Ол бұл әннің ең танымал орындаушыларының бірі саналады.
Музыкалық безендіру жұмысына Димашпен бірге Ренат Әубәкіров пен саунд-продюсер Ерлан Бекчурин атсалысқан.
Бейнебаян Алматы мен Ақтөбеде түсірілген. Оны жасауға шамамен 130 адам қатысқан. Ең ауқымды көріністердің бірі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда түсіріліп, оған Ақтөбеден 10 мыңға жуық тұрғын жиналған.
Бейнебаянның тұсаукесері өнерпаздың жанкүйерлері арасында қызу пікірталас тудырды. Көрермендер пікірлерінде туындыны шағын фильмге теңеп, қойылымның, хореографияның және вокалдық орындаудың жоғары деңгейде екенін атап өткен.
«Әдеттегідей, керемет вокал және тамаша әзіл сезімі!»
«Браво! Керемет хореография және ғажап бейнебаян! Рақмет!»
«Нағыз шағын фильм. Әуені әсерлі әрі әдемі, ал биі – керемет!»
«Бейнебаян баурап алады. Түсірілім сапасы мен бишілердің өнері ең жоғары бағаға лайық».
«Қазақстанның мақтанышы!»
«Тамаша бейнебаян... Димаш – бірегей өнер иесі», – деп жазды желі қолданушылары.