Димаш Құдайберген жаңа әлемдік DiMENSIONS турын жариялады
Жаңа DiMENSIONS жобасы арқылы әнші тыңдармандарына өзін тек ерекше дауыс иесі ретінде ғана емес, тұлға ретінде де танытуды көздейді
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жаңа әлемдік DiMENSIONS турының басталғанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өнерпаздың ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, жаңа жоба көрерменге Димашты тек ерекше дауыс иесі ретінде ғана емес, тұлға ретінде де жаңаша қырынан танытуды мақсат етеді.
Жоба авторларының айтуынша, DiMENSIONS атауы Димаштың әнші, композитор және продюсер ретіндегі көпқырлылығын білдіреді. Сонымен қатар жоба сахна сыртындағы тұлғасын, өмірлік ұстанымын және шығармашылық жолын жан-жақты танытуды мақсат етеді.
Концерттік бағдарламаның өзегіне өнерпаздың өмір жолы, мәдени тамыры, ішкі толғанысы, өзін тануға ұмтылысы мен шығармашылық ізденісі арқау болған. Музыка, эмоция және естеліктер арқылы көрерменге орындаушының ішкі әлемі кезең-кезеңімен ашылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендер әншінің өміріндегі жекелеген сәттерді ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілігі, шынайылығы, өмірлік қағидаттары мен жаңа белестерді бағындыруға деген талпынысы тоғысқан тұтас оқиғаны тамашалайды.
«Әлем Димашты әлдеқашан ерекше дауысымен таныды. Ал бұл концерт сол дауыстың ар жағындағы адамды көрсетуді, өнерпаздың болмысын тереңірек ашуды мақсат етеді», – деді ұйымдастырушылар.