Бүгін, 02:27
AR trend

Рэпер Моргенштерн есімін өзгертіп, жаңа дінді қабылдады

Рәсім аяқталғаннан кейін ол өз есімін өзгертті

Рэпер Моргенштерн есімін өзгертіп, жаңа дінді қабылдады
instagram.com/morgen_shtern видеодан скриншот

Рэп орындаушысы Алишер Моргенштерн гиюр рәсімінен өтіп, ресми түрде иудаизм дінін қабылдады. Рәсім аяқталғаннан кейін ол есімін Исраэль Йегуда Моргенштерн деп өзгертті,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы 7 маусым күні «Голос Израиля» Telegram-арнасы мәлімдеді. Арнада жарияланған видеода енді Исраэль Моргенштерн атанған өнер иесі «Мазаль тов!» деген құттықтаулардың аясында би билеп жүр.

Гиюр – еврей емес адамның иудаизм дініне өту рәсімі. Ол Таураттағы барлық өсиеттерді қабылдауды және соған сай өмір салтын ұстануды қамтиды. Бұл рәсім иудаизмді терең меңгеруді (бір жылдан бірнеше жылға дейін), раввиндер сотының мақұлдауын, ер адамдар үшін сүндетке отырғызуды және микваға шомылуды талап етеді.

Алишер Валеев 2020 жылы төлқұжатындағы тегін ресми түрде Моргенштерн деп өзгертті. Ол кезде 22 жаста болған. Өзінің айтуынша, бұл – анасы жағынан атасының тегі. Сол кезде өнер иесі бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа тегін әлі де бүркеншік ат ретінде көрсетуіне наразылық білдіріп, құжатының суретін жариялаған еді.

2022 жылы Моргенштерн Ресейден кетіп, Израиль азаматтығын алды. Ресейде ол шетелдік агент ретінде танылған.

2025 жылдың соңында Венадағы гастрольдік сапары кезінде рэпер қаладағы еврей қауымдастығына арнап жергілікті синагогада дәріс оқыған болатын. Музыкант сол кезде иудаизмге берік екенін ашық мәлімдеп, ультраортодокс еврейлердің дәстүрлі киімін киіп көпшілік алдына шыққан.