Бүгін, 12:48
AR trend

Әлем аңызы - Cirque du Soleil Астанада: 53 әртіс, 25 елден келген жүз маман, екі үлкен жүк ұшағы мен көрерменнің шексіз эмоциясы

«Жұмыртқа» шоуымен әлемді аралап жүрген атақты цирк 47-ші ел ретінде Қазақстанды таңдаған

Әлем аңызы - Cirque du Soleil Астанада: 53 әртіс, 25 елден келген жүз маман, екі үлкен жүк ұшағы мен көрерменнің шексіз эмоциясы
Фото: баспасөз қызметі

Бүкіл әлем жасанды интеллект пен дамуға талпынған заманда әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркі көп адам көзіне елемейтін, бірақ, табиғаттың ажырамас бөлігіне айналған жәндіктер әлемін үлкен шоуға айналдырып, 46 елді аралап келді. «OVO», яғни, «жұмыртқа» деген мағына беретін бұл шоу 47-ші ел ретінде Қазақстанды таңдап, «Барыс Арена» стадионында үш күн бойы өнер көрсетеді. Баса айта кетерлігі, әлемге әйгілі Cirque du Soleil бұл шоуын Орта Азия елдері арасында Қазақстанға бірінші әкелген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Шоудың құрал-жабдығы мен жүгін әкелу үшін екі үлкен ұшақ қажет болған

Кеше, 4 маусым күні «Барыс Арена» стадионы әйгілі Cirque du Soleil ұсынған «OVO» шоуының көптен күткен премьерасына куә болды. Бұл шоу 17 жылдық тарихында әлемнің 50-ге жуық елінде 10 миллионнан астам көрермен жинап үлгерген.

Cirque du Soleil циркі әр шоуын ерекше бір концепцияға құрау арқылы қырық жылдан бері осы нарықта алдына жан салмай келе жатыр деуге болады. Бұл жолы да «Барыс Аренаның» сахнасын көрсе көз тоймайтын ертегі әлеміне айналдырған. Конструкциясы 9 метр, сахнаның биіктігі бір жарым метірге жуықтаса, оның кеңдігі 20 метрге дейін жуықтайды. Осы шоу үшін сахнаға кезек-кезек шығатын 53 әртістің әрқайсысы өз міндетін мінсіз атқарады. Екі сағаттық бағдарлама үшін цирктің Монреалдағы штаб пәтері 800 түрлі костюм тіккен. Шоудың бүкіл құрал-жабдығы мен осы костюмдерін цирк ұжымы 2 жүк ұшағына әрең сыйдырып әкелген.

«Қазақстанның тарихында бір шоу үшін кемі 2 үлкен жүк ұшағын пайдаланған ауқымды шара есімде жоқ екен. Біз осы шоуды Қазақстанға әкелу үшін 200 тонна жүк тасыдық», - дейді Freedom Events басшысы Виктория Торгунакова да таңданысын жасыра алмай.

Жәндіктер түрмесіндегі тынымсыз күн

Осындай күш-қуат пен үш жылға жуық дайындық жұмсалған шоу бастала сала Астана көрермендерін қайран қалдырды! Жәндіктер түрмесіне «кіріп» кеткен көк шыбын қолындағы жұмыртқасын жоғалтып алудан қорқып, жан-жағына қарай береді. Колониядағы жәндіктер көк шыбынға таң қала, онымен таныса бастайды. Жұмыртқасын ұстап, жер аралап жүрген жиһанкез көк шыбын жәндіктер колониясындағы қызыл қоңызға ғашық болады. Сезімін білдіре алмай, сескеніп жүрген көк шыбынды колониядағы жәндіктер жылы шыраймен қарсы алып, қорқынышын сейілтеді. Екі сағаттық шоу жәндіктер әлеміндегі жанталас пен достықты, қиындық пен қорқынышты, сенім мен сақтықты паш етіп, көрермендерді ессіз бір ертегі әлеміне алып кетеді.

Көрермен ықыласы

Шоудағы басты кейіпкерлер әдеттегідей, көрерменді жатырқамай, оларды жақын тартады. Тіпті, кейде кей көрерменді шоудың бір бөлшегі етіп, сахнаға шығарып, үлкен ұжым келесі конструкциясын дайындағанша, залды күлкіге қарық қылады.

Тағы бір ерекше нөмірді моңғолиялық конторсионист орындайды. Ол денесін аса күрделі қалыпта ұстап тұрып, бүкіл салмағын тек тісімен тіреп орындайтын трюктер көрсетеді.

Шоудың ерекше көріністерінің бірі — жапон әртісінің ультракүлгін бояумен орындалатын горизонталды диаболо жонглирлеуі. Толық қараңғылықта ұсынылатын бұл нөмір шоудағы ең ерекше элементтердің бірі саналады.

Екі сағатқа созылатын қойылым барысында көрермендер көбелек әртістерінің әуе таспаларындағы дуэтін, шегірткелердің трамплин арқылы қабырғаға секіруін, сондай-ақ скарабейлердің әуе бесігі (aerial cradle) нөмірін тамашалайды. Мұнда әртістер алты метр қашықтықтағы платформалар арасында бір-бірін лақтырып, адам трапециясына ұқсас күрделі трюктер орындайды.

Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, «OVO» шоуы Астанада 7 маусымға дейін жалғасады. Одан кейін алғаш рет Алматыға көшіп, 11–14 маусым аралығында «Алматы Аренада» өтеді. Қазақстан бойынша жалпы 14 қойылым жоспарланған, шоуды көруге 70 мыңнан астам көрермен келеді деген болжам бар. Жобаны Freedom Events және Asia Events ұйымдастырған.

«Мұндай деңгейдегі әлемдік жобалар Қазақстанның мәдени өміріндегі бір бөлшекке айналса, мақсатымыздың орындалғаны. Біз мұндай іс-шаралар ұмытылмас әсер сыйлап, адамдарды шабыттандырып, Қазақстанды әлемдік мәдени картада таныта түседі деп сенеміз», - дейді Freedom Events басшысы Виктория Торгунакова.

Ал, Asia Events өкілі Дмитрий Тё болса, «OVO» шынымен де технологиясы мен ішкі құндылығы жағынан кез келген адамға естен кетпес эмоция сыйлайтын шоу екенін атап өтті.

Айта кетейік, шоудың билеттерін «Тикетон» қосымшасы мен цирктің ресми сайтынан сатып алуға болады.