Әйгілі түрік актрисасы әуежайда қамауға алынды
Ыстанбұлға оралған бойда ол сотта жауап беріп, тексеруге жіберілген
Есірткі қолдану ісі бойынша бұрын іздеуге жарияланған түрік актрисасы Ханде Эрчел Ыстанбұл әуежайында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy түркиялық Cumhuriyet газетіне сілтеме жасап.
Ханде Эрчел елге оралғаннан кейін Ыстанбұл әуежайында ұсталған.
«Танымал актриса Ханде Эрчел жұма күні Ыстанбұлға қайтып келді. Оны әуежайда ұстады, ол сотта түсініктеме беріп үлгерді. Қазір оны есірткіге тест тапсыру үшін сот-медициналық сараптама басқармасына алып кетті», – делінген мақалада.
Бұған дейін түркиялық адвокат Айшегүл Полат басылымға берген сұхбатында, егер есірткіге тест оң нәтиже көрсетіп, жеткілікті дәлелдер табылса, «Есігімді қақ» сериалында басты рөлді сомдаған танымал актрисаны қамауға алу талап етілуі мүмкін екенін айтқан.
Осы іс бойынша ұсталған кәсіпкер Хакан Сабанджы Sözcü газетіне берген мәлімдемесінде, өзі де, бұрынғы сүйіктісі актриса Ханде Эрчел де ешқашан есірткі қолданбағанын жеткізді.
Еске салайық, Түркияда 2025 жылдың қазан айынан бері есірткіге қарсы рейдтер жүргізіліп жатыр. Осы уақыт аралығында түрлі кезеңдерде танымал актерлер мен инфлюенсерлер де ұсталған. Ұсталғандардың арасында танымал түрік сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған актер Догукан Гюнгер бар. Жақында Ханде Эрчелдің есірткі ісі бойынша іздеуге жарияланғаны белгілі болған еді.
Оған қатысты қамауға алу ордері берілгені туралы ақпарат тарағаннан кейін Ханде жанкүйерлеріне үндеу жасап, шамамен бір ай бойы оқуына байланысты шетелде болғанын айтты. Алайда жағдайды анықтап, түсініктеме беру үшін Түркияға оралу туралы шешім қабылдаған.