Данияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынбақ
Үкімет бұл шешімді балалардың психикалық денсаулығын қорғау мақсатында қабылдаған
Дания үкіметі 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды көздеп отыр. Бұл туралы Reuters басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елдің цифрландыру министрі Каролина Стейдж Олсен бұл бастаманың негізгі мақсаты – балаларды интернеттегі теріс әсерлерден қорғау екенін айтты.
«Әлеуметтік желілер балалардың уақытын, балалық шағын және әл-ауқатын ұрлап отыр. Енді бұған нүкте қоятын кез келді», – деді министр.
15 жасқа дейін тек ата-ананың рұқсатымен
Жаңа жоспарға сәйкес, 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тек ата-ананың келісімімен рұқсат беріледі.
Бастама ел премьер-министрі Метте Фредериксеннің мәлімдемесінен кейін көтерілді. Ол соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығының нашарлауына әлеуметтік желілердің әсері бар екенін атап өтті.
Ең танымал желілер — Snapchat, Instagram және TikTok
Дания билігінің мәліметінше, жастар арасында ең көп қолданылатын платформалар — Snapchat, YouTube, Instagram және TikTok.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілердің шектен тыс қолданылуы мазасыздық, тәуелділік және өз-өзіне сенімнің төмендеуіне әкеліп отыр.