$ 526.02  607.55  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Трамп C5+1 саммитін «тамаша жаңа қатынастардың бастауы» деп атады

Ол Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді

Трамп C5+1 саммитін «тамаша жаңа қатынастардың бастауы» деп атады
Фото: Ақорда

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда өткен C5+1 форматындағы саммитті Орталық Азия елдерімен жаңа серіктестіктің бастауы деп атады. Ол бұл туралы Truth Social желісіндегі жазбасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Кеше мен үшін үлкен құрмет болды — Ақ үйде бес тамаша елдің президенттерімен саммит өткізу: Қазақстаннан Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстаннан Шавкат Мирзиёев, Тәжікстаннан Эмомали Рахмон, Қырғызстаннан Садыр Жапаров және Түрікменстаннан Сердар Бердімұхамедов. Үш онжылдық бойы менің алдындағы әкімшіліктер Орталық Азия елдеріне жеткілікті назар аудармады. Ал қазір бұл стратегиялық маңызды өңір — Еуропа, Азия және Таяу Шығыс түйіскен аймақ — өзінің минерал, көмірсутек пен адами ресурстарға бай әлеуетін жүзеге асыруға дайын. Мен АҚШ президенті ретінде осы процеске толыққанды қатысамын!» — деді Трамп.

C5+1 платформасына 10 жыл толды

C5+1 дипломатиялық платформасының 10 жылдығына арналған саммит аясында тараптар миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдерге қол қойды.

«Бұл келісімдер АҚШ-та авиация, минералды шикізатты өндіру, ауыл шаруашылығы, теміржол, автокөлік өндірісі және технология салаларында ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашады. Саммитіміз АҚШ пен Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан арасындағы тамаша жаңа қатынастардың бастауы болды», – деп жазды Дональд Трамп.

Жаңа кезеңнің басталуы

Америкалық көшбасшының айтуынша, C5+1 саммиті аймақ елдері мен АҚШ арасындағы экономикалық, технологиялық және саяси байланыстарды тереңдетудің негізін қалады.

Серіктес жаңалықтары