Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған жолаушы көз жұмды
Ол ұшақ апатында алған жарақатынан айығып үлгергенімен, қатерлі ісік ауруын жеңе алмады

Ақтау маңында апатқа ұшыраған «Әзербайжан әуе жолдары» (AZAL) компаниясы ұшағының жолаушысы қатерлі ісіктен көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lent.az сайтының мәліметінше Embraer 190 ұшағының жолаушысы – Загатала қаласының тұрғыны Нурулла Сираджов 18 қазан күні таңертең өз үйінде қайтыс болған.
Oxu.az порталының хабарлауынша 2024 жылдың 25 желтоқсанында Нурулла Сираджов әйелімен Грозныйда тұратын ұлына қонаққа бара жатқан. Ұшақ апаты салдарынан ерлі-зайыптының екеуі де ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Сираджов қатерлі ісік ауруына шалдыққан. Ол Грозныйға ота жасату үшін де бара жатқан. Алайда ұшақ апатына байланысты операция жасалмаған, Сираджовтың өзі жарақатпен Баку ауруханасына жеткізілді.
Ол ұшақ апатында алған жарақатынан айығып үлгергенімен, қатерлі ісік ауруын жеңе алмады.
Естеріңізге салайық, «Әзербайжан әуе бағыттары» әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағы 25 желтоқсан күні Ақтау түбінде құлады. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бортта Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстаннан барлығы 67 адам, соның ішінде экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, 29 адам тірі қалған.