Дональд Трамп Нобель сыйлығын ала алмай қалды
Бейбітшілік сыйлығы Венесуэла оппозициясының жетекшісіне берілді

2025 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадоға табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мачадо марапатты «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін» алды.
«Мария Корина Мачадо елінде еркін сайлау мен азаматтық құқықтарды қорғауға батыл күрес жүргізіп келеді», - делінген Нобель комитетінің мәлімдемесінде.
Бұған дейін халықаралық БАҚ-та АҚШ президенті Дональд Трамп Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында аталған еді. Алайда Нобель комитеті Венесуэладағы демократиялық қозғалыстың символына айналған Мария Корина Мачадоны лайық көрді.
Мачадо Венесуэлада оппозицияның жетекші өкілдерінің бірі және ел президенті Николас Мадуроның ашық сыншысы ретінде танымал.
Саясаткер бірнеше рет қысым мен саяси қуғынға ұшыраған. Оған мемлекеттік сайлауларға қатысу құқығынан айырылу сияқты шектеулер қойылғанына қарамастан, ол демократиялық өзгерістер үшін күресті жалғастырып келеді.
Мария Корина Мачадоның Нобель бейбітшілік сыйлығын алуы – Венесуэладағы азаматтық қоғам мен демократиялық қозғалыстардың халықаралық деңгейде мойындалуының айқын дәлелі.
Ал Дональд Трамптың жеңілісі оның халықаралық беделі мен саяси бағытына қатысты түрлі пікірталастар туғызды.