БҰҰ саммитінде Израильді сынаған Режеп Тайып Ердоғанның микрофоны өшіп қалды
Ресми мәлімдемеге сәйкес, ол регламенттен асып кеткен

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен Палестина саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Газадағы геноцид» туралы айта бастағанда микрофоны өшіп қалды. Оның 1 минут 40 секунд бойы сөйлеген сөзін ешкім естімеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркияның Қоғамдық байланыс басқармасының хабарлауынша, президент сөйлеу уақытына қойылған регламенттен асып кеткен.
«Конференция регламентіне сәйкес, Президенттің сөзі 5 минутпен шектелген. Кейбір сәттерде қол шапалақтаулар болып, сөзі үзіліп отырды, сол себепті уақыт сәл ұзарып кетті. Техникалық ережелерге сәйкес, микрофон автоматты түрде 5 минуттан кейін сөніп қалды», - делінген хабарламада.
Хабарламада сондай-ақ бұл процедура Индонезия Президентінің сөзіне де қолданылғаны атап өтілген. Түркия Бас Ассамблеяда өз ұстанымдарын ең жоғары деңгейде таныстыруды жалғастырып, жаһандық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді бақылауда ұстап отыр.
Түрік БАҚ-тарының жазуынша, сөз сөйлеу барысында Түркия Президенті аймақтағы Израиль саясатына қатысты қатаң мәлімдемелер жасаған, сондай-ақ Палестина мемлекетін мойындаған елдерді құттықтаған.