Илон Маск АҚШ-та көз жұмған украин қызының құрметіне мурал салдырады
Ол бұл бастамасы үшін 1 млн доллар бөлмек

Америкалық кәсіпкер, Tesla және SpaceX негізін қалаушы Илон Маск АҚШ-та қайғылы жағдайда көз жұмған украиналық босқын Ирина Заруцкаяның құрметіне арналған мурал жобасына 1 млн доллар қаржы бөлетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желі X парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Масктың бұл шешімі Intercom компаниясының негізін қалаушы Йохан Маккейбаның бастамасынан кейін қабылданды. Ол жобаға $500 мың грант бөлуді ұсынған еді. Маск өз кезегінде екі есе көп қаражат бөлуге дайын екенін айтты.
23 жастағы украиналық Ирина Заруцкая 6 қыркүйек күні АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында қоғамдық көлікте көз жұмды. Полиция дерегінше, оны 34 жастағы үйсіз афроамерикалық Декарлос Браун пышақтап өлтірген.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті бұрын бірнеше рет қылмыс жасаған: ұрлық, қарулы тонау және қорқыту фактілері бойынша ұсталған. Сондай-ақ ол бес жыл түрмеде отырған.
Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл қылмысты «қорқынышты жағдай» деп атап, елдегі қылмыскерлерге қатысты қатаң шара қабылдамауды демократиялық партияның саясатына жүктеді.
Илон Масктің бастамасы Заруцкаяның есімін есте қалдыруға бағытталған мәдени жобаға серпін бермек. Мурал оның бейнесін мәңгі есте қалдырумен қатар, қоғамда қауіпсіздік мәселесіне назар аударуы мүмкін.