«Саяси қастандық жасалды»: АҚШ-та Дональд Трамптың сенімді серігін атып кетті
Республикашыл Чарли Кирк 31 жаста болған

АҚШ президенті Дональд Трамптың сенімді серігі, саяси белсенді Чарли Киркті өлтіріп кетті. Оған Юта колледжіндегі шарада көпшілік алдында сөз сөйлеп тұрған сәтінде оқ атылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Штат губернаторы Спенсер Кокс мұны саяси қастандық деп бағалады. АРnews басылымының жазуынша, билік өкілдері қылмыстың мотивін әлі анықтай қоймаған, дегенмен елде саяси себеппен зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау қауіп артқанын байқалады.
«Аңызға айналған Чарли Кирк қайтыс болды. Ешкім АҚШ жастарын Чарлиден артық түсініп, оларға жанашырлық танытпаған. Барлығы оны жақсы көріп, тамсанатын, оның ішінде өзім де бармын. Енді ол жоқ. Мелания екеуіміз оның әйелі Эрика мен отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Чарли сен біздің жүрегіміздесің», - деп жазды Трамп.
ВВС хабарлағандай, 31 жастағы Чарли Кирк Трамптың жақтаушысы болған. Ол мектептерде, колледждер мен университеттерде консервативтік құндылықтарды насихаттау үшін Turning Point USA студенттік ұйымын құрған. Президент сайлауында Трамптың Аризона штатында жеңіске жетуіне көмектесті. Ол президенттің инаугурациясында болды, Ақ үйде жиі бой көрсетіп жүрген.
Киркке 100–200 метр қашықтықтағы ғимараттың төбесінен қара киінген адам оқ атқан. Ол Кирктің мойына тиді. Күдікті әлі ұсталмады.
Юта штаттық Қоғамдық қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, шараға шамамен 3000 адам қатысқан. Сондай-ақ, шарада алты университет полициясының қызметкері және Кирктің жеке күзетшілері болған.
Оның қазасын республикашылардың қарсыласы демократтар айыптады.
«Елімізде мұндай зорлыққа жол берілмеуі керек. Бұған дереу тоқтау салуға тиіспіз», - деді АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден.