$ 536.76  630.85  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.09.2025, 09:00
Әлем

Жапониядағы қандас Қазақстан медицинасын жаңа деңгейге көтермек

 Дәрігер Әбдібек Қалибек Қазақстан медицинасының дамуына үлес қосуды армандайды

Жапониядағы қандас Қазақстан медицинасын жаңа деңгейге көтермек
Фото: istockphoto.com

Жапонияның «Шова» медицина университетінің дәрігерлері сырқаттанған адам ағзасының 3D көшірмесін жасайтын бағдарлама ойлап тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.

Бұл тың технология дәрігерлерді оқытуда да, кеселдерді емдеуде де пайдалы. Мысалы, ол эпилепсияның нақты себебін анықтап, одан айығуға көмектеседі. Жобаға қатысып жатқан үш ғалымның арасында қандасымыз Әбдібек Қалибек те бар.

Тірілген көбелектер мен динозаврлардың бейнесі бүгінде ешкімді таңғалдыра алмайды. Дегенмен Жапониядағы медицина университеті жасанды интеллектінің көмегімен адам ағзаларының табиғи өлшемдегі көшірмесін жасап шықты. Дубликатта тек жүрек пен ми ғана емес, олардың жұмысындағы ақаулар да айқын көрінеді. Бұл жобаның авторы – нейрохирург Сато Йосуке. Оның бірегей әдістемесі эпилепсияның нақты себебін тауып, одан арылуға көмектеседі. Ол үшін науқастың басына датчиктер қойылады, ал мидың 3D көшірмесінде зақымданған аймақ анық көрінеді. Мұндай нәтижеге компьютерлік томография немесе магниттік-резонанстық томография арқылы жету мүмкін емес.

«Бұл технологияның көмегімен біз дәрігерлерді оқыту процесін қысқарта аламыз. Сонымен қатар бұл телемедицинаның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мысалы, мен Жапонияда отырып-ақ Қазақстанда немесе басқа елдерде жоғары деңгейдегі операциялар мен ем жүргізе аламын. Болашақта мұның әбден мүмкін болатынына сенемін», - дейді Ми функцияларын зерттеу және цифрлық медицина ҒЗИ директоры Сато Йосукэ.

Жасанды интеллектіні медицинада қолданудың тағы бір артықшылығы – нейрохирург операция кезінде көріп тұрған бейнені басқа дәрігерлерге де нақты уақытта тарата алады.

«Нейрохирургиялық операция кезінде тек операцияны жасап отырған хирург қана 3D бейнені көреді. Ассистенттер мен басқа қызметкерлерге 2D суреті көрсетіледі. Бұл – мәселе. Себебі қауіпсіз әрі сапалы операция жасау үшін 3D бейне барлық команда мүшелеріне нақты уақытта қолжетімді болуы керек. Бұл технология енгізілсе, операциялардың сапасы айтарлықтай артады», - дейді «Шова» медицина университетінің ассистент-профессоры Косукэ Танака.

Нейрохирург Сато Йосуке жасанды интеллектті медицинаға енгізуде ассистенттері Косукэ Танака және Жапония азаматы Әбдібек Қалибек немесе Такахаши Джуничиромен бірге жұмыс істейді.

Әбдібек бірнеше жылдан бері Жапониядағы қазақтар қауымдастығын басқарады. Балалар хирургы уақытын негізінен жасанды интеллектіге арнайды, бірақ айына бір рет жапон мұсылмандарының өтініші бойынша балаларды сүндетке отырғызады. Дәрігер Қалибектің арманы – Қазақстан медицинасының дамуына үлес қосу.

«Енді келешекте осы жақтағы мамандарды ертіп барып, Қазақстанның медицинасын дамытсам деген арманым бар. Мысалы, осы аппарат Қазақстанға өте қажет деп ойлаймын. Өйткені Алматыда отырып, шалғай ауылдағы науқастың проблемаларын экран арқылы талқылап, көруге болады. Әріптестер арасында ақпарат алмасуға болады», - деп түсіндірді «Шова» медицина университетінің ассистент-профессоры Әбдібек Қалибек.

Нейрохирург Сато Йосуке мен оның ассистенті Әбдібек Қалибек қазан айында Қазақстанға сапарлап баруды жоспарлап отыр. Назарбаев университетінде доктор Сато жаңа технологияларды және тәжірибе бөліспек.

Серіктес жаңалықтары