Қытайда маса арқылы таралатын вирус 7 мыңнан астам адамға жұғып кеткен
Гуандун провинциясында қауіпті инфекция таралып жатыр

Қытайдың Гуандун провинциясында Чикунгунья вирусын жұқтырған адамдардың саны 7000-нан асты. Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау органдары мәлімдеді. Аталған вирус 2025 жылдың шілде айынан бері тіркеліп келеді және Фошань қаласы індеттің негізгі ошағына айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Билік COVID-19 пандемиясы кезінде қолданылған тәсілдерге ұқсас шараларды қолға алды. Ауру жұқтырған азаматтар ауруханаларда оқшауланып, бір апта бақылауда жатады.
Чикунгунья – тропикалық шіркей арқылы таралатын вирустық инфекция. Оның басты белгілері - адамның дене қызуы көбейіп, буындары ауырады, бұл симптомдар кейбір науқастарда бірнеше ай немесе тіпті жылдарға созылуы мүмкін.
Ең бастысы, бұл вирус адамнан адамға жұқпайды. Инфекцияны тек вирус жұқтырған адамды шаққан маса арқылы таратуы мүмкін. Сондықтан індеттің таралуын тежеу үшін масаларға қарсы күрес және дезинфекциялау шаралары кеңінен жүріп жатыр.
Гуандун провинциясының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жұқтырғандардың 95%-ы бір апта ішінде ауруханадан жазылып шығып жатыр. Аурудың таралуы әзірге жеңіл деңгейде, алайда жағдай бақылауда және вируспен күрес қарқынды жүргізіліп жатыр.