Трамп Израиль мен Иран қақтығысына араласу ниетін білдірді
АҚШ аймақтағы әскери күшін нығайтып жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен сейсенбінің кешінде Иранға шабуыл жасау туралы жоспарды ішінара мақұлдаған. Бұл туралы The Wall Street Journal жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол алдағы уақытта Тегеран ядролық бағдарламадан бас тартуы мүмкін деген ойды алға тартып, шабуыл жоспарын кейінге ысырған.
Таяу Шығыста Израиль мен Иран жетінші күн қатарынан бір-бірін бомбалап жатыр. Иран зымыраны Израильдегі аурухананы бұзып кетті. Израиль Иранның Арактағы ауыр су реакторы мен Натанздағы ядролық қару жасау нысанына соққы жасағанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Иранның ядролық нысандарына соққы жасау туралы сұраққа: «Менің қолымнан келеді, бірақ бұған бармауым да мүмкін», деп екіұшты жауап берген. Сонымен қатар, ол Иранды толықтай капитуляция жасауға шақырып, келесі аптада маңызды шешім қабылданатынын атап өткен.
Соңғы күндері АҚШ аймақтағы әскери күштерін күшейтті. Әскери-теңіз күштеріне тиесілі зымырандармен қаруланған жойғыш кеме Жерорта теңізінің шығысына жетсе, әуе кемесінің соққы тобы Араб теңізіне қарай бет алған. Пентагон мұны қорғаныс шарасы деп атағанымен, сарапшылар АҚШ-тың Израиль шабуылдарына қосылу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Ал Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи өз елінің берілуге дайын емес екенін мәлімдеді. Ол АҚШ тарапынан жасалатын кез келген әскери араласудың соңы толмас қателік болатынын ескертті.