Ұлыбритания, Канада, Франция енді Израильге санкция салуы мүмкін
Олар Израильге талап қойды

Ұлыбритания, Канада, Франция көшбасшылары Израильден Газа секторындағы соғысты тоқтатуды және гуманитарлық көмектің жолын жаппауды талап етті, олай етпеген жағдайда санкция салып, қыспаққа алмақ, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Израиль Газа секторында жаңа әскери операция бастады
Израиль әскері өткен жұмада Газа секторына жаңа операция бастады, ал дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газаның бүкіл аумағын бақылауға алатынын мәлімдеді.
Батыс елдерінің бірлескен мәлімдемесі
«Израиль үкіметінің бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмекті бергізбеуі – қабылдауға келмейтін әрекет. Бұл халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу болып саналады. Біз Батыс жағалаудағы қоныстарды кеңейтуге бағытталған кез келген әрекеттерге қарсымыз... Қажет болған жағдайда, біз арнайы бағытталған шараларды қолданамыз, оның ішінде санкциялар бар», - делінген Ұлыбритания үкіметі жариялаған бірлескен мәлімдемеде.
Ұлыбритания, Канада, Франция Палестинаны мойындауды қолдайды
Олар сондай-ақ АҚШ, Қатар және Мысыр тарапынан қолға алынған Газа секторында дереу атысты тоқтату жөніндегі әрекеттерді қолдайтынын айтып, екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешім аясында Палестина мемлекетін мойындауға дайын екендерін білдірді.
ХАМАС бұл бірлескен мәлімдемені құптап, оны «халықаралық құқық қағидаттарын қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам» деп атады.
Нетаньяху Батыс елдерін ХАМАС-ты қолдап отыр деп айыптады
Нетаньяху Батыс елдерінің Израильді сынауын «7 қазанда Израильге шабуыл жасағандарды қолдау» деп қабылдады. Ол мұндай әрекеттер болашақта тағы да осындай шабуылдарға жол ашуы мүмкін дейді.
Ол Израильдің өзін әділетті жолмен қорғайтынын және толық жеңіске жеткенше күресті жалғастыратынын айтып, Газа секторын қарусыздандырып, тұтқындарды қайтарып берген жағдайда соғыс тоқтайтынын айтты.
Екі тарап арасындағы соғыс 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС қарулы тобының Израильге шабуыл жасауынан басталған еді. Израиль дерегінше, сол күні шабуыл кезінде 1200 адам өлтіріліп, 251 адам тұтқынға алынған.