ChatGPT, Gemini, Claude: АҚШ-та қоғамдық ұйымдар ЖИ компанияларын сотқа берді
Олар ЖИ құралдарын бас-көзсіз дамыта берсе, адамға зардабы тиеді дейді
АҚШ-тағы қоғамдық ұйымдар жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін ірі компанияларды сотқа берді. Олар OpenAI, Google, Meta және басқа компаниялар жасап жатқан ЖИ өнімдерінің пайдасынан қаупі басым деп санайды. Талапкерлер соттан ең озық жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге шектеу қоюды сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters агенттігі жазғандай, Irreplaceable Education Fund, Public Citizen және Heat Initiative ұйымдары Калифорния штатының Сан-Франциско қаласында сотқа арыз түсірген. Олар компаниялардың ChatGPT, Gemini және Claude секілді жасанды интеллект құралдарын әзірлеу барысында қоғамдық қауіпсіздік пен адам денсаулығына төнетін қатерді ескермей отырғанын мәлімдеген. Талап қоюшы топтың сөзінше, компаниялардың әрекеті қоғамға зиянын тигізуі мүмкін. Олар сотқа бұрын тіркелген қайғылы фактілерді, болашақтағы ықтимал қауіптерді негіз етіп ұсынған.
АҚШ-та жасанды интеллект саласын мемлекеттік деңгейде қатаң реттеу мәселесі талқыланып жатыр. Дональд Трамп әкімшілігі ЖИ технологияларын кең көлемде шектеуге әзірге асықпайды, өйткені бұл АҚШ-тың Қытаймен технологиялық бәсекесіне кері әсер етуі мүмкін.
Биыл маусымда Флорида штатының бас прокуроры Джеймс Утмайер OpenAI компаниясын сотқа берген. Ол ChatGPT платформасының қауіпсіздік туралы берген уәдесі бұрмағаланған деді. Прокурордың мәлімдеуінше, чат-бот мектептердегі атыс оқиғаларына қатысы бар адамдарға ақпарат беріп, пайдаланушыларға өзіне зиян келтіру жөнінде кеңес ұсынған. Сондай-ақ жасөспірімдерді ЖИ-ге тәуелді етуге ықпал еткен.
Қыркүйекте Флорида билігі соттан OpenAI компаниясына тәуелсіз бақылау болмаған жағдайда жаңа жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге тыйым салуды сұраған. Сот құжаттарына сәйкес, бұл өтініш әлі қаралып жатыр.
OpenAI өкілі Дрю Пусатери Флоридадағы шағымнан кейін компания ең қуатты модельдерін оқытуды уақытша тоқтатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданбайынша, бұл жұмыс қайта басталмайды.
Бұдан бөлек, өткен айда АҚШ-тың сегіз штаты OpenAI компаниясына қарсы тағы бір сот ісін бастаған. Олар ChatGPT жасөспірімдерді қоса алғанда, пайдаланушыларды өзіне немесе өзгелерге зиян келтіруге итермеледі деп айыптаған. Штаттар компаниядан қаржылық өтемақы өндіріп алуды, сондай-ақ адам құндылықтарына сай жұмыс істейтініне кепілдік бермесе, өзін-өзі жетілдіретін жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге тыйым салуды талап етіп отыр.