Непал мен Тибеттегі селден қаза тапқандар саны 750-ге жеттә
Тағы 3 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында
Непалдағы құтқару жұмыстарына қайта басталған нөсер жауын мен су тасқынының қайталану қаупі кедергі келтіріп отыр. Ауқымды табиғи апаттан қаза тапқандар саны 750 адамға жетті, тағы 3 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Непал билігі зардап шеккен аудандардың тұрғындарына су тасқыны қайта болуы мүмкін екенін ескертіп, барынша сақ болуға шақырды.
Сел сәрсенбі күні жүрген. Соңғы мәлімет бойынша, Непалда қаза тапқандар саны 734 адамға жетті, тағы 2498 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Тибетте 16 адам қаза тауып, 546 адам із-түзсіз жоғалған.
Тибетте із-түзсіз жоғалғандардың арасында Непалдың жүзден астам азаматы және оннан астам елдің тұрғындары бар.
Құтқару қызметтері үшін де жағдай өте күрделі болып тұр. Түнде жауған қатты жаңбыр мен өзендердегі су деңгейінің көтерілуі іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатқан аудандарға жетуді қиындатып отыр.
Қазір гидроэнергетикалық нысандардың қызметкерлеріне ерекше назар аударылып отыр. Салада жұмыс істейтін 933 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Билік бірнеше су электр станциясының тоннельдерінде қалып қойған 100-ден астам адамның тірі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Негізгі құтқару жұмыстары Trishuli 3A және Trishuli 3B нысандарында жүргізіліп жатыр. Станциялардың бірінде әскерилер бұрғылау жабдығының көмегімен лай басып қалған тоннельдің жоғарғы бөлігіне жол ашқан. Осыдан кейін тоннельге ауа жіберіліп, ішін тексеру үшін камера түсірілді.
Осы уақытта Непалдың зардап шеккен аудандарынан қаза тапқандардың денелері әлі де табылып жатыр. Жергілікті мәйітханаларда орын қалмаған, ал құрбандардың басым бөлігінің кім екені әзірге анықталмады.
Мәселен, Читван ауданынан табылған 233 адамның денесінің төртеуі ғана танылған. Қаза тапқандарды бауырластар зиратына жерлеу жоспарланып отыр. Оған дейін кейіннен жеке басын анықтау үшін олардың ДНҚ үлгілері алынбақ.
Құтқару операциясы жалғасып жатыр. Алайда қайта жауған жауын-шашын мен су тасқынының қайталану қаупі төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын айтарлықтай қиындатып отыр.