Сағызға қақалып қалған: Алматыда майор қызды құтқарып қалды (ВИДЕО)
Әскери қызметші қызға дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды
Алматыда әскери қызметші дүкенде тұншыға бастаған қызды құтқарып қалды. Офицердің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 28 тамызда «Достық» дүкенінде болған. Сол жерде жүрген қыз кенеттен сағызға қақалып қалған. Сағыз тыныс жолын бітеп, қыз тұншыға бастаған.
Дәл осы сәтте жақын жерде 97617 әскери бөлімі дивизионы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Хасен-Сұлтан Сәрсенбеков болған.
Әскери қызметші еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, абдырап қалмай, қызға бірден көмекке келген.
«Әскери қызметші алғашқы көмек көрсетті, содан кейін қыздың тынысы қалпына келді. Майор Сәрсенбековтің дер кезінде әрі батыл әрекет етуінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.