15.07.2026, 23:18
Әлем

Түркиядағы ауқымды орман өртіне байланысты мыңнан астам адам эвакуацияланды

 Қауіпсіз жерге шамамен 1 120 адам эвакуацияланды

Түркиядағы ауқымды орман өртіне байланысты мыңнан астам адам эвакуацияланды

Түркияның Мұғла провинциясында ірі орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрттің таралу қаупіне байланысты билік қонақүйді, курорттық кешенді және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, қауіпсіз жерге шамамен 1 120 адам көшірілген. Ең күрделі жағдай 14 шілде күні кешке өрт тез тарала бастаған Милас ауданында қалыптасты. Тілсіз жаумен күреске ұшақтар, тікұшақтар және жердегі өрт сөндіру жасақтары жұмылдырылған.

Мұғла провинциясының губернаторы Идрис Акбыйык өрттің шығу себебі әзірге анықталмағанын айтты. Қазір бұл дерек бойынша жандармерия бөлімшелері тергеу жүргізіп жатыр.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, 14 шілдеде провинция аумағында алты орман өрті тіркелген. Оның бесеуі оқшауланған, ал қалған бір өрт ошағын сөндіру жұмыстары әлі жалғасуда. Өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.